Ұлттық домбыра күні 2018 жылдан бері елімізде дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан ерекше мереке.
Домбыра қазақ халқы үшін жай ғана музыкалық аспап емес, ол – киелі құндылық. Домбыра — ұлы мұрамыз, асыл қазынамыз, ұлттық символымыз.
Қазақ пен домбыра егіз ұғым.
Домбыра қазақпен бірге жасасып, ғұмыр кешіп келеді. Көне дәуірден жеткен бұл аспап халқымыздың болмыс-бітімін, салт-дәстүрі мен мәдениетін айшықтайды. Қазақтың қара домбырасы елдің рухын көтеріп, мерейін өсіреді.
Бүгін Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай, аудандық мәдениет үйінің жанындағы «Домбыра» саябағында мерекелік шара өтті.
Мерекелік шара аудандағы саз мектептері өнерпаздарының орындауындағы «Ерке сылқым», «Балбырауын» күйлерімен басталды.
ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, жазушы Пернебай Дүйсенбин сөз сөйлеп, қасиетті де қастерлі ұлттық домбыраның тарихына, домбырамен сабақтасып, үндесіп жатқан аңыз- әңгімелерге, күй атасы Құрманғазының «Сарыарқа», «Адай» тағы басқа да күйлері және өзге де халықтың жүрегінен орын алған айтулы күйлердің тарихына жан- жақты тоқталды.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ермағанбетов қатысып, көпшілік қауымды мерекемен құттықтады. Елдің рухын көтеріп, мерейін асырған қазақтың қара домбырасын дәріптеуге арналған шараның маңыздылығына тоқталып, халқымыздың қасиетті ұлттық аспабы — Домбыра төрімізден түспесін, домбыраның шанағынан төгілген күй-толғау, сыңғырлаған сұлу ән құлағымыздан кетпесін, — деген тілегін білдірді.
Мерекелік шара барысында ауданымыздағы домбыра жасаудың хас шеберлері «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медалімен, Аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Сондай-ақ, Ұлттық домбыра күніне орай, домбырадан күмбірлеген күй мен сыңғырлаған сұлу ән тыңдауға келген көрерменге арнап домбырашылар «Сарыарқа», «Ақжелең», «Желдірме», «Адай», «Шоқай датқа» күйлерін орындап, әншілер «Он саусақ», «Бастау» әндерін шырқады.
Ұлттық домбырамен күмбірлете тартылған күйлер мен әуезді әндер жиналған жұртшылықты бір серпілтіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.