САРЫСУДА ЖАҢА ЖОБА, ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ АШЫЛАТЫН БОЛАДЫ

124
Жұмыс сапарымен «Еврохим» компаниясында болдым. Сапар барысында компанияның осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының есебін тыңдадым.
Сонымен бірге, «Еврохим» минералды тыңайтқыштар мен өнеркәсіп өнімдерін шығаратын болашақ зауыттың құрылыс алаңында болдым. Жүзеге асатын жаңа жобалардың кезең-кезеңімен «ЕвроХим-Қаратау» ЖШС бас директорының құрылыс жөніндегі орынбасары Сергей Евдокимов таныстырды.
Зауыт құрылысын аяқтау арқылы, елімізде жылына 1 миллион тонна жоғары сапалы минералды тыңайтқыштар, мәселен, кальций хлориді мен синтетикалық гипс, тұз қышқылы, күкірт қышқылы, фосфорит концентраты
өндірілетін болады, бұлар автожол, мұнай-газ өндіру, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының қажеттіліктерін өтейді.
Сапар барысында жобаның жүзеге асуына оң баға беріп, аудан экономикасының дамуына ықпал беретін жобаларды қолдайтынымды жеткіздім.
2023 жылы химия зауытының іргетасын қалау жоспарлануда. І-ші тоқсанның өзінде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде, жұмыс алаңына 30 бірлік техника жұмылдырылып, 45 жұмысшы тартылды.
Сонымен қатар, темір жол инфрақұрылымы, электр және сумен жабдықтау желілері, тұрғын үй объектілері мен инфрақұрылым объектілерін салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы алғанда, ауқымды жобаны жүзеге асыру 1 миллиард доллар инвестицияға бағаланып отыр. Химия зауытының құрылысы Сарысу өңірінің дамуына және 2000-ға дейін жаңа жұмыс орнын құруға, минералды тыңайтқыштардың импортын алмастыруға және экспортты арттыруға ықпал етеді.
Марат Сұлтанғалиев, Сарысу ауданының әкімі

Leave A Reply

Your email address will not be published.