Сарысуда республикалық дәстүрлі музыка фестивалі өтті

696

Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәдібек Қайшыбекұлының қолдауымен «Ғасырлар үні»
1-Республикалық дәстүрлі музыка фестивалі өтуде.
Өте сырлы сезімге, тылсым тарихқа толы, рухани жаңғыру бағытындағы фестивалге аудан тұрғындары көптеп жиналды. Шымылдық ашыла салысымен жиналғандарды баурай кеткен керемет әсер, кеш аяқталғанша тарқамады.
«Ескендір» қойылым көрсетіліп, қойылым соңында сахнаға Абай бабамыздың шығуы, халыққа сөзін арнаған бабаның екі жағынан «Бал дәурен» тобы және Сатыбалды Салтанат 8 оқушыларының Абай өлеңдерін мәнерлеп оқуы бір-бірімен әдемі үндестік тапты десек те артықтық етпейді. Абайдың 175 жылдығына арналған жырлар төкпелегенде ортаға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлының көтерілуі көрермендерді тәнті етті. Сахна көркін одан сайын аша түскен еліміздің мақтанышы Маралтай жырлары көптің жүрегіне жол салды.
Содан соң сахнаға шыққан жүргізушілер ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен биылғы жылы елімізде Алтын Орданың 750 жылдығы, «Әлемнің екінші ұстазы атанған» ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай елімізде үлкен шаралар өтуде.
Ұшан-теңіз Ұлы даланы ата қоныс етіп келе жатқан қазақ халқының өмір салты, мақсат-мұраты мен арман-аңсары — ән мен күйлерде, жыр мен термелерде, қисса-дастандар мен айтыс-толғауларында жатыр. Біздің мақсатымыз – осы дала сарындарын жас ұрпақ жүрегіне дарыта отырып, әлемдік өркениетке өз ұлттық өрнегімізбен үн қосу.
Бүгінгі шараның шымылдығын ашқан Сарысу аудандық мәдениет үйі Халық театры сахналаған Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасының негізінде жасалған қойылым. Режиссеры Рабиға Бердісүгірова.
Қойылым инсценировкасын дайындаған белгілі жазушы Пернебай Дүйсенбин.
Абай өлеңдерін оқыған Игілік ауылдық өнер мектебінің «Бал дәурен» тобы мен Жайылма ауылдық өнер мектебінің оқушысы Сатыбалды Салтанат,-дей келе сахна төрінде өз өлеңдерін оқыған туған жеріміздің мақтанышына айналған, бүгінгі фестивальге Алматыдан арнайы келген, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы, ақын Маралтай Райымбекұлы және бүгінгі фестивальдің авторы, әсем әнімен алашты әлдилеп жүрген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сарысу ауданының Құрметті азаматы Сәуле Жанпейісованы ортаға шақырды.
Сәуле Жанпейісова туған жерінде тамаша әндер мен термелерді құйқылжыта орындап, көрермендер көзайымына айналды.
Осы кеште әсем әндермен қатар тамаша күйлер де орындалды. Соның бірі халық күйі «Ақсақ құлан».
Құрылғанына 750 жыл толған Алтын Орда дәуірінен бүгінгі заманға талай жырлар мен күйлер жетті. Қазақтың күйшілік өнеріндегі сол дәуірден жеткен көне күйлердің бірі халық күйі «Ақсақ құлан». Бұл күйдің шығу тарихы қазақтың төл аспабы домбырамен байланысты.Енді осы күйдің қысқаша шығу тарихына тоқтала кетсек.
Ертеде Жошы деген ханның үлкен баласы аңға шығып, құлан атуға барғаннан қайтып оралмапты. Баласын біраз күндер күтіп, ақыры келмеген соң, оның тірі емес екенін әкесі сезеді. Енді не болса да жаман хабарын естігісі келмеген хан: — Кімде кім, менің баламның қайғылы хабарын естіртсе, соның көмейіне қорғасын ерітіп құямын, деп халыққа жар салыпты. Ханның қаһарынан қорыққан халық оған сол кездегі атақты күйшіні жібереді. Ханнан ұлықсат алған домбырашы күйін боздата тартқанда, домбыраның көмейінен: «Балаң өлді, Жошы хан», — деген сөздер адам айтқандай ап-анық естіліп, қайталанып тұрады. Мұны естігенде төрде отырған хан егіліп жылайды. Домбыраның «сиқырлы сазы» мен қайғылы үнінен есі кетіп әлсіреген хан: — Ұстаңдар мына күйшіні! – деп, уәзірлеріне әмір етіпті. Сонда күйші ханға қарап: — Уа, тақсыр! Мен аузымды ашып, ештеме де айтқан жоқ едім ғой, жазығым өзіңіздің ұлықсатыңызбен күй тартқаным ба? Барлық сырды ашып, айтып берген мынау домбыра емес пе? – депті.
Хан осы жерде сөзден жеңіліп, берген жарлығын орындау үшін «кім болса да бәрі бір, қаралы хабар әкелгеннің үні өшіп, жазасын алсын» — деп, бұйырып, домбыраның қақпағынан көмей тесігін жасап қорғасын ерітіп құйғызыпты. Содан бастап домбыраның көмей тесігі пайда болған екен деседі.
Тарихы тереңнен тарқатылып сахнаға Жаңатас қалалық өнер мектебінің жас оқытушысы, домбырашы Өмірбек Нұрбол шығып, «Ақсақ құлан» күйін орындады.
Экранда «Ақсақ құлан» видеосы көрсетіліп тұрды. Сілтідей тынған жұрт видионың ішіне кіріп кеткендей, жым-жырт. Қариялар жанарына жас алып, күй құдіретін сезіне түсті.
Ұйымдастырылуы мен ұйқастығы жарасқан кеште сахнаға Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби кейіпіндегі мәдениет қызметкері шыға келгенде ел елең ете қалды. Өйткені ғұламаға ұқсайтын тұстары көп кейіпкер сахнаға әл-Фараби болып, шәкірттерімен көтерілді. Әл-Фараби мен оның шәкірттерін сомдаған Сарысу аудандық мәдениет үйінің Халық театры ұжымы және әл-Фарабидің өлеңдерін оқыған Игілік ауылдық өнер мектебінің «Жас алаш» тобы. Шәкірттері қойған сауал қояды, оған әл-Фараби жауап береді. Ең соңында «Елдің болашағын айтып берейін, сендер маған жастарыңды көрсетіңдер» деген кезде, сахнаға балалар жүгіріп шығып, әл-Фарабидің өлеңдерін оқыды.
Сондай-ақ, Алматы қаласынан арнайы келген жерлесіміз, бірнеше Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты домбырашы, қобызшы Саян Ақмолда «Қорқыттың күйін» тартты.
Күй тарихына тоқталсақ: ІХ ғасырда өмір сүрген әл-Фарабидің замандасы атақты қара қобыздың атасы Қорқыт. Аңыз бойынша, анасы Қорқытты құрсағында үш жыл бойы көтеріп жүріпті. Жылына бір рет толғақ қысып отырады екен. Қорқыт дүниеге келер алдында әлемді үш күн, үш түн бойы көзге түртсе көргісіз қараңғылық басады. Сұрапыл қара дауыл соғып, ел-жұртты қорқыныш сезімі билеген. Осыған орай баланың атын “Қорқыт” деп қойған дейді.
Қорқыт Ата жөніндегі аңыздарда түркі халықтарының өмір мен өлім мәселесі туралы көзқарастары көрініс тапқан. Аңыз бойынша, Қорқыт Ата ұйықтап кетіп, “егер өлімді есіңе алмасаң, мәңгі өмір сүресің” деген аян естиді. Біраз уақыт өткен соң бір баспақты қуып жүріп, жете алмағасын, “Өлсем де, жетемін!” дейді. Соны айтуы мұң екен, Әзірейіл келіп, “Сен өлімді еске алдың, енді өлесің!” дейді. Аңызда Қорқыт Ата өзінің жүйрік желмаясына мініп, халқы бақытты өмір сүретін жерұйықты іздеуші, ғұмыр бойы өлімге қарсы күресуші жан ретінде суреттеледі.
Қорқыттың күйін тыңдаған жұрт алдында жүргізушілер ұстаз жолын қуар жастар Сарысу елінде де өсіп келеді. Игілік ауылынан келген жас қобызшыларға батаңызды беріңіз деп, Игілік ауылдық өнер мектебінің оқушылары Шайқыстанова Гүлнұр, Әмірбай Мейіржан шықты.
Саян «бәрекелді, кәні көрейік» деп екі баланы жанына жайғастырады.
Күйді ойнап болған кезде Саян балаларға бата берді.
Келесі кезек қобызшылар ансамбліне берілді. Сахнада Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің қобызшылар ансамблінің өнеріне ел дүркін-дүркін қол шапалақтап, қуанды.
Сонымен қатар Саудакент ауылдық балалар саз мектебінің фольклорлық ансамблінің орындауында Сүгірдің күйі «Ыңғай төк» орындалды.
Жайылма ауылдық өнер мектебінің өнерпаздары Құрманғазының күйі «Балбырауын» күйін, Жайылма ауылдық өнер мектебінің «Нұрлы саз» домбырашылар ансамблінің орындады.
Негізі біздің Сарысудың қыздары да осал емес қой. Біздің ел – нағыз әннің елі ғой, шіркін! Осы елден қаншама жез таңдай, күміс көмей әншілер шықты. Кешегі Италия елін тамсандырған Амангелді Сембин, халықтың қаншама сүйікті әндерін тудырған композитор Илья Жақанов, Жайылмадан шыққан қазақ өнерінің корифейі Асанәлі Әшімов пен осы кештің авторы Сәуле Жанпейісованы айтсақ та жеткілікті емес пе?
Жастар ше? Бізден шыққан Республикаға танымал жарық жұлдыздар Гаухар Қаспақова, Айгүл Махашова, Дастан Оразбеков, Бейбіт Сейдуалиеваларды ұмытуға бола ма?
Біздің елден шыққан әншілерді айтып тауысу мүмкін емес қой. Ендеше, қазір ортаға Сарысудың тағы бір мақтанышы, бүгінгі кешке арнайы ат терлетіп Алматыдан келген әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Исатаеваның орындауындағы ән Сарысу аспанын әнге бөледі.
Бүгінгі фестивальдің ерекшелігі сахнада сіздер ән салып қана қоймай, ауылда арттарынан еріп келе жатқан жас таланттардың сахнадағы тұсауын кесу дәстүрі болмақ. Сондай жас жеткіншектер халықтың алдында өнерлерін көрсетіп, бата алды.
Сахнада көптеген жас өнерпаздармен қатар Жаңатас қалалық өнер мектебінің жас оқытушысы, домбырашы Төлешов Ғазиз жас өрен шәкірттерімен: Ержан Нұрай және Орынғали Рахат. Нұрайдың орындауында Боранқұл Көшмағанбетовтің, Рахаттың орындауында Сүгірдің Шалқымасын, ал Ғазиз Төлешовтің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйі тамашаланды.
Фестиваль жалғасып, аудан әкімінің атынан қатысушылар марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.