Жуырда әлеуметтік желіде тараған бір бейнежазбада индонезиялық Санти Шуберттің қазақша жаңылтпашты мүдірмей айтып шыққанын көріп қайран қалдық. Сантидің TikTok-тағы жеке парақшасына жүктелген бұл видео 10 миллионнан астам қаралым жинаған. Индонезия астанасы Джакартада тұратын, әлеуметтік желіні белсенді қолданатын ол қазақша жаңылтпашты айтуға қолданушылары итермелегенін айтады. Қызық үшін түсірген әлгі видеодан соң қазақтілді достар табамын деп еш ойламаған Сантиге хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Алдымен ел ішінде кеңінен таралған әлгі видеодан кейін сіз туралы көп дерек білгісі келетін оқырман қауымға өзіңізді таныстыра отырсаңыз.
– Менің аты-жөнім – Санти Шуберт. 1995 жылдың 12 сәуірінде Индонезия астанасы Джакартада дүниеге келгенмін. Отбасында екі қыз тәрбиеленіп өстік. Мен – үйдің үлкенімін. Бұған дейін FMCG компаниясында дижитал маркетинг жөніндегі менеджер болып жұмыс істегенмін. Онда компанияның түрлі әлеуметтік желідегі жеке парақшаларын жүргіздім. Бұл істің қыр-сырын білдім. Бәлкім, қазір әлеуметтік желілерде белсенді болуым да сол себептен болар. Негізі, менің хоббиім – фильмдер қарау және TikTok, Instagram желілеріне видеоконтент әзірлеу. Тағы бір айта кетерлігі, көрген киноларымның сценарийін ә дегеннен-ақ жаттап алатын «әдетім» бар. Сосын сол кинодан естігенімді үйде қайталап жүремін. Бірде сіңлім екеуіміз «Шеринаның басынан кешкендері» атты индонезиялық танымал фильмді бірге көретін болып келістік. Әлгі фильмнің сценарийін қайталап отырғаным сіңлімнің ашуына тиді (күліп). Сол сценарийді қайталағанымды видеоға түсіріп, TikTok желісіне жүктегенім сол еді, әп-сәтте басқа желілерге тарап кетті. Сол кезде әлеуметтік желілерге қызық әрі пайдалы контент әзірлеуім дұрыс екенін түсіндім. Айтпақшы, мен 2021 жылы бизнес менеджмент мамандығы бойынша магистратура бөлімін бітіргенмін. Бірақ қазір әлеуметтік желідегі парақшамды дамытуға ден қойғандықтан, мамандығым бойынша жұмыс істемеймін. Бірақ қызық болсын деп әлеуметтік желідегі аккаунтымды индонезияша (бахаса) «Жұмыссыз магистрант» (S2Pengangguran) деп атадым (күліп).
– Жаңылтпаш айтуды да есте сақтау қабілетіңіз жақсы болған соң қолға алдыңыз ба?
– Иә. Бірнеше фильмнің үзінділерін дыбыстап, оны желіге жүктеген соң көп қолданушы қолдау білдіріп, оң бағасын берді. Кейбірі «Мынаны дыбыстап көрсең қайтеді?» дегендей пікір айтып, бірнеше нұсқа қалдырып кететінді шығарды. Әлгі видеолардың дені – бұрынырақта Индонезияда кеңінен таралғандар. Одан бері көп уақыт өтсе де, әлгі видеоларда айтылғанды дәл менің дыбыстап, қайта таратқаным қолданушылардың көңіліне майдай жақса керек. Бәлкім, олар мұны қызық көретін шығар. Анығын білмедім. Сөйтіп, олар күн сайын түрлі видео жіберіп, дыбыстап, өз парақшама жүктеуімді өтіне бастады. Бұрын кең таралған видеоларды дыбыстау оңай іс деп айта алмаймын. Бастапқыда қиналғаным рас, бірақ кейін бұл іс өзіме де қызық көрінді. Оған қоса, күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, өзім үшін көп жаңалық ашып жатқаныма қуаныштымын.
– Ал қазақша жаңылтпаштарды кім тауып берді?
– Кейін достарым мен қолданушыларым жаңылтпаш айтудан жарысқандардың видеоларын жібере бастады. Ол видеолар да индонезиялықтар ішінде кең таралған. YouTube платформасына жүктелген сол видеолардың бірінде қазақстандық дикторлардың студияда отырып жаңылтпаш айтқаны бейнеленген. Олардың мұнысына таңғалып, «Олар мұны қалай жаңылыспай айтады?» деп аң-таң болдым. Мені қызықтырған тағы бір мәселе, әлгі видеоны көрген соң «Олар әдетте мұны эфир басталмай тұрып істей ме сонда?» деген ой маза бермей қойды. Кейін мені бұрыннан бақылайтын қазақстандық қолданушылардың бірінен сұрағанымда ол «Иә. Олар анық сөйлеу үшін әрі сөйлеу тілін дамыту үшін жаңалықтар басталғанға дейін осылай жаңылтпаш оқиды» деп жауап берді. Осылайша, қазақша жаңылтпаштарды мен де қайталай бастадым. Негізі, жаңылтпаштарды жиі қайталаудың пайдасы көп. Алдымен өзге тілдегі жаңылтпашты мүдірмей айтып шығамын деп біраз қызыққа «баттым». Сондай-ақ жаңылтпаш айтып жарысу арқылы өз-өзіңізге деген сенімділігіңіз арта түседі.
– Ұзақ әрі қиын қазақша жаңылтпашты көзіңізді жұмып, жатқа айтқаныңыз бізді таңғалдырмай қоймады. Расымен, бұл өзіңіз айтқандай, есте сақтау қабілетіңіз жақсы дамығанының дәлелі болса керек.
– Рақмет! Расымен, естігенімді тез жаттап алатын қасиетімді маған берілген сый деп білемін. Қазақ тілін әлгі видеодан алғаш рет естігенде бірден назарым соған ауды. Қазақша жаңылтпашты естіген бойда жаттап алғанымды қойын дәптер бетіне түсіруге асықтым. Бұған дейін қазақ тілін естіп көргенім жоқ, сондықтан оны бірден мүдірмей айтып, видеоға түсіру қиынға соғатын еді. Алғашында дикторлардың айтқанын қайталай алмайтынымды түсініп, бұл идеядан бас тартқым келді. Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізуге тырысып-бағып, қайталаған сайын өз-өзіме «Бұл менің қолымнан келеді!» деумен болдым. Соңында дикторлардан кем емес айтып шыққандай болдым (күліп). Бір қызығы, бұл видео осыншалық кеңінен таралып, ізінше мыңдаған қазақтілді қолданушы менің парақшама тіркеледі деп еш ойламадым. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Дегенмен Индонезиядан алысырақ жерде орналасқан өзге елде мені қолдайтын мүдделестерімнің бары мені қуантады. Жалпы, мен өзім әзірлеген әр видеоның астына пікір қалдырған қолданушылардың, соның ішінде қазақстандықтардың әр пікіріне құлақ асамын. Әрбірін құрметтеймін. Осы видеоны жүктеген соң қазақтар толассыз пікір жаза бастады. Олардың жазғаны жағымды эмоциялар мен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Оның үстіне, қазақ тілі менің ана тілім емес екенін ескеріп, әлдебір қателіктерімді бетіме баспай, қайта қолдау білдіргеніне қатты риза болдым. Расымен, уақыт бөліп, маған пікір жазған оларға көп алғыс айтқым келеді. Бұйырса, бір күні олармен кездесеміз деп үміттенемін.
– Жаңылтпашты мүдірмей айтқан видеоңыз он миллионнан астам қаралым жинайды деп күтпеген боларсыз?
– Ешқашан! Мұндай ықпал болады деп тіпті де ойламағанмын. Мен әзірлеген видеоны осыншама адам қарайды деп елестетпегенмін де! Мен ол видеоларды қызық үшін, көңіл көтеру үшін жүктеймін. Мұны дыбыстағанда ойымда «Бұл видео кеңінен таралады-ау» деген ой мүлде болған жоқ. Барлығы кездейсоқ болды. Қазақша жаңылтпаштың дыбысталуын ұнатып қалған соң ойда ештеңе жоқ дикторлардың айтқанын жаттап, видеоға түсіре салдым. Өзіме қызық болып көрінген соң түсірген, қазақша жаңылтпашты мүдірмей айтқан бір ғана видеом осылай таралады деп ойламадым. Мен түгілі отбасым қатты таңғалды. Әлгі жаңылтпаштың қазақша жазылған нұсқасын таба алмағандықтан, олардың мағынасын түсіне алмадым. Алдағы уақытта олардың қандай мағына беретінін білгім келеді.
– Қазақша жаңылтпаштардан бөлек оған дейін Қазақстан туралы не білетін едіңіз?
– Интернеттен Қазақстан туралы деректер іздегенімде ол елдің мен ойлағаннан да көрікті, жасыл аймақта орналасқанын білдім. Әсіресе, Үлкен Алматы көлі бейнеленген видеоны көргенде ауызым ашылып қалды. Бір күні онда жолым түседі деп ойлаймын. Мен – Қазақстаннан шыққан жас әрі танымал Софи Манасянның жанкүйерімін. Ол – өте көңілді әрі әдемі қыз. Софи әзірлеген видеоларды сүйсіне тамашалаймын. Әсіресе, ата-анасымен бірге түсіргендерін қалт жібермеймін. Мен де алдағы уақытта пайдалы видео түсіруді жалғастыра беремін. Оған қоса, әлемді шарлағым келеді. Алдымен барғым келетін топ-5 елдің алдыңғы шебінде Қазақстан тұр. Осы ретте маған аямай қолдау көрсеткен қазақтарға тағы бір рет алғыс айтқым келеді. Әлгі видеоларымда қазақша жаңылтпаштарды айту кезінде әлдебір қате жіберсем, кешірім сұраймын! Дегенмен қазақшаны сіздерден кем емес айтып шығуға тырысқаным үшін білдірген үлкен қолдауларыңыз үшін мың алғыс!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ