Бүгін «Самұрық-Қазына» алаңында Қордың қоғаммен байланыс, әлеуметтік-еңбек қатынасы және еңбекті қорғау бойынша басқарушы директоры Ғибрат Ауғановтың баспасөз мәслихаты өтті. Ол 2022 жылғы жұмысты қорытындылап, келер жылға жоспар туралы айтып, журналистердің сұрағына жауап берді.
Жаңа басшылар – қазақстандықтар
Ғибрат Ауғановтың айтуынша, былтырғы жыл Қор басшылығындағы ауқымды өзгерістермен басталды. Топ-менеджерлердің саны екі есе қысқарып, бес басқарушы директордың үшеуі ауысты. Бір жылдың ішінде Қор тобындағы 12 ірі өндірістік компанияның 8-іне жаңа басшы тағайындалды. Олар – «ҚазМұнайГаз», «QazaqGaz», «Қазатомөнеркәсіп», «Самұрық-Энерго», «Қазпошта», «Qazaq Air», «Тау-Кен Самұрық», «Самұрық-Қазына Өндеу». Осы және өзге де тағайындаулардың барлығы @samrukazynaofficial телеграм-каналында ашық жарияланған.
Бір жыл ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы компаниялардағы 10 шетелдік басшының орнын қазақстандық мамандар басты. Олардың қатарында «Qazaq Air» мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ бірінші басшылары, сонымен қатар «Air Astana» әуе компаниясының вице-президенті бар. Директорлар кеңесі мен бақылау кеңестерінің құрамындағы шетелдіктердің саны да азайып келеді. Бір жыл ішінде 23-тен 14 адамға, яғни 40%-ға қысқарды.
Қазақстандық кадрды басшылық қызметке жоғарылату – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Самұрық-Қазына» қорының мақсатты саясаты. Қор Президенттік Жастар кадрлық резервінің (ПЖКР) мүшелерін басқарушы қызметке белсенді түрде тартады. Қордағы бес басқарушы директордың үшеуі – ПЖКР мүшелері.
Жұмысқа тұру бойынша жаңалық
Тағы бір атап өтетін жаңалық – бірқатар болашақ басшының жұмысқа тағайындалмас бұрын психологиялық тексерулер мен шындық не жалғанды анықтайтын детектордан өтуі. Мұндай тексерістен міндетіне сатып алу жұмыстары кіретін «Самұрық-Қазына» қоры тобының менеджерлеріне үміткерлер өтеді. Бір жыл ішінде «Самұрық-Қазына» тобындағы 52 компанияға жұмысқа тұруға өтініш білдірген 133 үміткер жалған детекторы арқылы сынақтан өтті. 27 адам сынақтан өте алмай, жұмысқа қабылданбады.
Ғибрат Ауғановтың айтуынша, жаңа кадрлық саясат тек басшыларға ғана емес, қарапайым қызметкерлерге де қатысты. «Самұрық-Қазынаның» басымдығы – ашықтық пен барлығына тең мүмкіндік. 2022 жылы Samruk Qyzmet бірыңғай рекрутинг порталы толыққанды жұмысын бастады. Бір жыл ішінде портал арқылы өтініш бергендердің саны 60%-ға өсіп, 134 мыңға жетті, 7300 қазақстандық жұмысқа тұрды. Топ-менеджер кез келген азамат qsamruk.kz сайтына кіріп, қазіргі кезде Қазақстан бойынша бос орындарға өтініш білдіре алатынын хабарлады.
Қайырымдылық пен ашықтық
Әлеуметтік жауапкершілік тұрғысында «Самұрық-Қазына» қоры тобы бір жылда ауқымды жұмыс атқарып, жақында ғана Астанада өткен ашық іс-шарада есеп берді. Ғибрат Ауғанов 2022 жылы Samruk-Kazyna Trust қайырымдылық жобаларының бірыңғай операторы бүкіл Қазақстан бойынша 43 әлеуметтік бастаманы жүзеге асырғанын тағы да еске салды. 500 мыңға жуық азаматқа көмек көрсетілді. «Самұрық-Қазына» қоры тобының қайырымдылыққа бөлетін бюджеті 40 пайызға, яғни 10 миллиард теңгеге дейін артты.
Енді еңбекті қорғау саласында қор Vision Zero халықаралық концепциясына қосылып, өнеркәсіп қауіпсіздігін басқару жүйесін жүйелі түрде жетілдіруді бастады. Біз еңбек жағдайын жақсарту бойынша шеберлік сабақтарын, жаттығулар мен курстарды үнемі өткізіп тұрамыз. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда жұмыста жарақаттану көрсеткішін 16%-ға төмендетті.
Оған қоса, 2022 жылы «Самұрық-Қазына» қоғаммен БАҚ-қа ашықтықты күшейтті. Қорға қарасты Қоғамдық кеңес жұмысын бастады. Бүгінгі күнге дейін 13 отырыс өткізілді. Оларға 230 қазақстандық жетекші сарапшы қатысып, қор басшылығына 118 ұсыныс берді.
Қор жұмысы туралы ақпарат беру бойынша БАҚ-пен бірлескен жұмыс күшейе түсті. Бір жыл ішінде Қор 19 баспасөз мәслихатын өткізіп, 183 пресс-релиз және әлеуметтік желілерде 2000-ға жуық хабарлама жариялады. Ғибрат Ауғанов журналистерге 2023 жылы да «Самұрық-Қазынаның» қоғам алдындағы ашықтығы нығая беретінін, қор тобының жұмысы туралы қоғамды уақытылы хабардар етіп тұруды жалғастыратынын айтты.
https://turkystan.kz/article/211511-samuryk-kazyna-27-umitker-zhalgan-detektorden-ote-almady/