Салт емес, заң бұзу

14

Әлем елдері дамудың даңғыл жолына түсіп, демократиялық саясатқа бағыт алуда. Бұған сәйкес қоғам да жаңғырып, өркениеттер көшіне қадам басып келеді. Ал біздегі көзі ашық, көкірегі ояу жастардың арасында өткеннің жұрнағын өз ыңғайына қарап өзгертуге құмарлар бар. Әсіресе әйел құқығын қорғаудың маңызы арта түскен тұста қыз балалар қой секілді өңгеріліп, өзге үйдің босағасында «бас бостандығынан айырылып» жатыр.
Қазірдің өзінде мұндай қылмысқа барғандар 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал осы әрекетті жасаған адамдар тобы абайсызда жәбірленушінің қайтыс болуына немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ әлгінде айтқандай, құқықтық сауаттылықтан бұрын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты алға тартатындар әділдік іздеуді жөн көрмейді. Бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық істерінде де тараптардың татуласып, арызды кері қайтармауынан істердің дені сотқа жетпейтін. Жеткен күннің өзінде ерлі-зайыптыларды қайта қол ұстастырып, «татуластырып» жіберетін. Мұндай келіссөз үстелінен кейін кейбір жанұядағы ұрыс-керістің арты кісі өлімімен аяқталғанынан хабардар болып жүрміз. Ал қазір жәбірленушінің арызынсыз өзгенің құқығына қол сұққандарды жауапкершілікке тарту көзделеді. Заңдағы бұл өзгеріс көптеген құқық бұзушыны жөнге салуға септігін тигізіп жатыр. Біреудің денсаулығына зиян келтірудің артында енді қылмыстық жауапкершілік бар әрі іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы қажет емес. Ең маңыздысы, мұндай қылмыс үшін кешірім бұрынғыдай бірнеше рет берілмейді, бірреттік кешірім тек сотқа дейін жеткенде жүзеге асады.
Осыған байланысты Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар сталкингке (қудалау) және қалыңдық ұрлауға жаза қарастыратын заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдаған. Ішкі істер министрі қолданыстағы кодекстердің баптарына түзету енгізуге байланысты депутаттар мен ғалымдармен бірігіп, жұмыс тобы құрылғанын жеткізген.
Заң жобасы Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыруға бағытталған. Ең көп қоғамдық пікір тудырған екі норма сталкинг және қалыңдық ұрлау болды.
Қалыңдық ұрлау деген баптың атауы да өзгерді. «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталады. Бұл бойынша жәбірленуші әйел де, ер адам да танылуы мүмкін. Онымен қоса, жаза үш деңгейге бөлінеді: күш көрсету немесе бопсалау арқылы мәжбүрлеу – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, кәмелетке толмағандарға, топпен жасалған әрекет – 3 жылдан 7 жылға дейін, ауыр зардаптарға (мысалы, қазаға) әкелсе – 5 жылдан 10 жылға дейін жаза арқалайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.