«Ақан сері», «Заманай мен Аманай», «Жапандағы жалғыз үй», «Өліара», «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Қызым, саған айтам», «Жаралы гүлдер», «Қос анар» көркем туындыларымен танымал, қара сөз шебері, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты – Сәкен Жүнісовтың туғанына 90 жыл. Қазақтың сөз өнеріндегі шоқтығы биік қаламгер Ғабит Мүсірепов «Сәкен сері» деп баға берген қаламгердің алғашқы әңгімелері балаларға арналған еді. 1959 жылы жарияланған «Сонарда» атты тұңғыш әңгімелер жинағы сол дәуіріндегі қазақ балаларының көңілінен шығып, «қолдан түспес» кітапшаға айналды. Жазушының балаларға арналған әңгімелерінің соңы «Сақау бәтеңке» жинағымен аяқталды. Бұның арасында ірі көлемді туындыларының алғашқысы болып «Жапандағы жалғыз үй» романы жарық көрді. Сәкен Жүнісов тұлғатанушы қаламгер ретінде кеңінен танылды. Оның Ақан сері бейнесін сомдауы, қазақтың сал-серілеріне тән тұлғалық бейнені әсерлі суреттеуі сәтті шықты. Жазушының «Ақан сері» роман-дилогиясы 1971 жылы (1 кітап), 1977 жылы (2 кітап) оқырманға жол тартқан болатын. Оқырманның жылы лебізін иеленген «Ақан сері» туындысы орыс тіліне аударылды. Сондықтан қазақ мәдениеті мен сері тұлғаларын әлемге танытуда Сәкен Жүнісовтің еңбегі ерен болғаны айғақталады. Жазушының сюжетті суреттеуі, зат пен ұғымның бейнелі ұқсатылуы, табиғат пен адам мінезінің эстетикалық сомдалуы шебер. Оны арнайы зерттеу қажеттілігі туындап тұр.
Бүгінгі «Сөзқоржын айдарында» жазушының көркем тілін сипаттайтын көріктеуіш құралдар мен бейнелі тіркестерді ұсынғалы отырмыз. Бейнелі тіркестер С.Жүнісовтің «Ақан сері» және «Жапандағы жалғыз үй» романынан теріліп алынды:
МАЙ БОРАН (қар аралас жел). Ақпан-қаңтардағы боран емес, жабысқақ, жауа еритін жылы май боран.
БАЛАҢ ЖІГІТ (жас). Жылқышы да қасқыр соғып жырынды болмаған балаң жігіт болса керек, енді не істерін білмей, таралғыны ағытып, темір үзеңгіге қолды сала бергенде аттан қалай ұшып түскенін де аңғармайды.
СЫҚПА ҚАР (жабысқақ қар). Қалың көгала қылшықты арқасына жонына жабысқан сықпа қардың әр жері жентектеле ашылғанда дүр етіп қатты сілкіп-сілкіп қалып, бабына келген бірішек енді бұл арада аялдамай, сөлеңдеп жорта жөнелді.
ӨЛІМТІК ЖАСАТҚАН ЖЕР (жемтігі қалған жер). Қайткен күнде де өлімтік жасатқан жерге екі не үш күннен соң қайырылып соғады, басқа аң жеп кетсе амал жоқ деген.
ШЫНЖЫРЛЫ АЗУ (қақпан) Жанталасып бұлқынып, қайраңға шыққан балықша бүктетіліп аласұрған қасқырды шынжырлы азу жіберер емес.
ҚАЙЫРЫМСЫЗ БОЛАТ (қақпан) Қысқан үстіне қысып, тартқан сайын қайырымсыз болат тісін батыра түседі.
МАРҒАУ ЖҰРТ (сабырлы, қарапайым) Бұл өңірде де мыңғырған мал, бұл жақта да еркін жайылған жылқы, анда-санда жеке шыққан саяқтарын жеп кетсе де аса іздеп, аттан салмайтын марғау жұрт, кең халық.
ИТ ТЕ БОЛСА КӨКТАБАН. Бақтыбайға ретсіздеу тиеді ме, «ит те болса көктабан дегендей», Ақтоқтының әкесі ғой деп әңгіме бетін басқаға аударып, жуып-шайғысы келеді.
ШОҚТАЙ МЫСҚЫЛ. «Қотыр ауыз – Мұқаның, көнек ауыз – Нұралы – Сауытбектің сарыала итінің балалары» деген шоқтай мысқылы ауыздан ауызға тарап кеткен.
ҰСТАРАДАЙ ЛЫПУ. Ұстарадай лыпып тұрған жалақтаған кездікті қынымнан алып, қасқырдың жанары сөне бастаған көзіне қарап отырып қалыппын.
ТҮЛКІ ТІЛ (байыппен түсіндіру). Сөз таластырып жататын күш қайда, жай-жапсарымды майдалап, түлкі тілмен, ара-арасында дөрекілеу бөрі тілімен түсіндіріп бақтым.
БӨРІ ТІЛ (шегелеп, бұйыра түсіндіру). Сөз таластырып жататын күш қайда, жай-жапсарымды майдалап, түлкі тілмен, ара-арасында дөрекілеу бөрі тілімен түсіндіріп бақтым.
МАЙЛЫ КӨЗ (көрсеқызар) «Шыныңды айтшы, неше қаншығың бар» нәпсіге жаратылған майлы көзі жылтыңдап, күншіл неме жұтынып-жұтынып қойды.
ҚАРАЖҮРЕК (қатал) Бір күн ұйықтап қалсаң қаражүрек Нұртаза үстіңе мұздай су құйып, шошытып оятады.
ҚАРШЫҒА КӨЗ. Маңдайы кере қарыс, қаршыға көз, әсем, жіңішке қою мұртты жүзі желге тотыққан қара торы жігітке қараған үлкен сұлу көзінде албырттық та, мұң да бар.
ҚАРА ШЕРТІС. Қадишадан соң ешкім қолқаламай-ақ Сұлтанмұрат Құлмақтың қолындағы тұмар тағып, күмістенген мойны ұзын домбыраны алып, қатты бұрап, қара шертіске салып, лекітіп, біраз бабына келтірді.
ТҮЙЕНІҢ ҚҰМАЛАҒЫНДАЙ. Бурыл аттың қара жалын түбіне дейін тып-типыл күзеп қою құйрығын көтеншегінен бір сүйемдей ғана шолтитып, шұнақ ешкідей шорт кесіп тастағанына таңырқады да, түйенің құмалағындай түйіп, ұшын қиған кекіліне көзі түсе бергенде ішін тартты.
ШЫН АРЛАН ТЕРІСІНЕН АЖЫРАҒАНША ӨЛМЕЙДІ. «Неге отырсың, соя бер, мен айта берейін, «шын арлан терісінен ажырағанша өлмейтінін білмеуші ме ең» деді.
КҮНДЕСТІҢ КҮЛІ ДЕ КҮНДЕС. «Күндестің күлі де күндес» дегендей мына отырғандардың «керейдің қасқыры» дегенге сенбесе де, сол елдікі екен деп, айыздары қанып, елеңдей қалғандары мынау.
МАҢ ТӨБЕТ. Тумасында алғаш рет қатты жараланған маң төбет қатты әлсіреп есеңгіреген.
САДАҚТЫҢ ОҒЫНДАЙ ӨТКІР. Осыны аңғарған екеуі де садақтың оғындай өткір зәрлі көздерін бірінен-бірі алмайды.
ИТ МҰРНЫ ӨТПЕЙТІН ҚАЛЫҢ. Көкше жерінде ит мұрны өтпейтін қалың қарағайлы шақпақ тасты кішігірім әсем таулар қанша көп болса, айдын көлдер, жайылма, қара сулар, шалшық, томарлар да қисапсыз.
МАЙБАСАР ТӨБЕТТЕРДЕЙ. Екеуі де ауыл ішінде мықтымсып көп үретін барқылдақтардай немесе қасқырға айтақтаса-ақ көрсін-көрмесін арсылдап, далақтап жарыса шабатын майбасар төбеттердей күтетін есті, алғыр иттер тәрізді.
ЖАЛАҢАШ АДЫРЛЫ ЖАЛПАҚ ТҮЗ. Тау-тасы аз, тоғайсыз жалаңаш адырлы жалпақ түзде ойларына келгенін істеді.
ШАППА СҮЙЕК. Жігіттің жігіті ғана табанымен басып тұрып, зорға ашатын сом шаппа сүйегіне дейін жеткенде қаншық бар даусымен қаңсылап жіберді.
ТЫРАУЫШТЫҢ ТІСІНДЕЙ. Құлыншақтың аппақ шеміршек тұяқтарына жеткенде барып, сала-құлаш тілімен омырауына баттасқан езуіне шашыраған қанды ұзақ жалап кетірді де, желдің өтіне қарап ырылдап, тырауыштың тісіндей ырсиған азуларын ақситып есінеді.
КҮН КІРПІГІ (күннің сәулесі). Әлі де тас төбеге жақындамай орағыта жылжыған күн кірпігі ескі жұртқа көлбей қадалып, дымқыл бүйірін жылыта бастады.
БАЛАНЫҢ ЕҢБЕГІНДЕЙ. Маңайдағы жусан исі, баланың еңбегіндей былқылдаған жер исі – бәрі-бәрі таныс.
БІРКИЕР ТӘУІР (сәнді киім). Ақбөпе бұрынғы әдетімен бүгінде біркиер тәуірлерін киген.
ҚОЯННЫҢ БӨКСЕСІНДЕЙ. Жеңіл машина тар жолдың бойымен құмырсқаша өрмелеп, қоянның бөксесіндей төңкерілген еңселі қырқаға шықты.
САРЫ БАЛАҚ ЕГІН. Ұшы-қиыры жоқ бай өлкенің бір пұшпағы – Қызыл жалаудың жалпақ жоны, төбе-төбелердің арасы жайқалған сары балақ егінге тұнып тұр.
ТАНАУЫ ТАРСЫЛДАҒАН ТРАКТОР. Танауы тарсылдап, тақ-тақ етіп түтін шыққан трактор маңында шүпірлеген балаларға дейін көздерінде ұшқын бар.
ҮЛКЕНДІГІН САТУ. Әкеңдей адамға орныңнан тұрып сәлем бермейсің бе, – деп өзімше үлкендігімді сатып, міндетсіп жатырмын.
ТӨС ТАҚАСҚАН. Ол менің Сұлтан деген төс тақасқан, тағдыр қосқан кедей досымның қызы еді.
САРЫ АТЫРАПТЫҢ ШЕТІ ТҮРІЛУ (егін жинау). Қоп-қою егін жапқан ұшы-қиырсыз сары атыраптың шеті түріліп, әр жері кетиіп, күннен-күнге кеміп келеді.
ҚАЗАҚТЫҢ САХАРАСЫНДАЙ. Қазақтың сахарасындай мінезі кең, жерін жыртып, кенін қазбасаң біле бермейтін, бар алтынын ішке сақтайтын, ғажайып бай жердей, мақтаншақтығы жоқ тұйық, самал желіндей, баяу тербелген көліндей жуас, бұлтсыз мөлдіреген кіршіксіз аспанындай жүрегі таза, ақ көңіл.
БҰҚАНЫҢ АЛҚЫМЫНДАЙ. Алқымы ана-мына тайынша бұқаның алқымындай, кеудесі алқам-салқам, шапқандағы екпіні үй жыққандай – бұрын-соңды көрген бұл жақтың аңы емес, тегінде жолбарыс, не арыстанмен шатысы бар кәпірдің, итала қаздың інге салған оныншы жұмыртқасынан жаралған малға ауызданған дала құмайы болуы да ықтимал.
СІЛЕКЕЙІ СОР ТАРТУ. Сілекейі сор тартып шөліркеген қаншық енді бір кезде беті мұздақ қабыршық қарды жалап-жалап алады да аузын сақ еткізіп, қиыршық қарды өршелене асап-асап жібереді.
АЛМАСТАЙ АЗУ. Жағы қарыспай тұрып, аузын тез босатқан бірішек желкесіне жабысқан тағы бірін оқыс сілкіп қалып, жұқа шап етін алмастай азуымен жарып жіберді.
ДАЛА БӨРІЛЕРІ. Қатал арлан өне бойын жаралап, туғалы алғаш рет талаған дала бөрілеріне де кәрлі.
ҚАЙРАҢҒА ШЫҚҚАН ШАБАҚТАЙ. Бір ашулы күні қайраңға шыққан шабақтай қайырыла беріп оқыс қауіп алғанда үзіліп түскен өз құйрығын өзі шайнап-шайнап тастаған.
***
Иттің ұрғашысын қазір қаншық десе, бұрын итақай дейді екен. Иттің итақайына дейін басынды-ау деген сөз адамдардан қағажу көрген біреудің «қатындарға дейін басынды-ау» деп, ашынғанда айтылатын сөз.
***
Мегежін, кәнден иттерді итаршы деп атаған. Үлкен төбеттер абалап жатқанда тәпитақ иттер де шаужайдан алады. «итаршыланбай былай тұр», «Итаршыланып не жоқ» деген сөз содан шықса керек.
***
Өлекшін – шегірткенің ұрғашысы.
***
Кірекей – аюдың ұрғашысы. «Кірекейді өлтірме, қонжығы жетім қалмасын» деген сөз бар.
***
Сыртта жүрген иттің баласын күшік дейді. Тек адамды жерлеп ұрысқанда ғана иттің баласы дейді. Ал «иттің күшігі» деген соған қарама-қарсы қалжың еркелету ретінде айтылады.
***
Қыз жақсысы – тоты, қыз жаманы – шоты.
***
Ер жақсысы – жігіт, ер жаманы – мігіт.
***
Қасқыр алатын итке тән үш қасиет: біріншіден – кеуделі, мұз бел, бүкіш – бұл күштіліктің белгісі, екіншіден, көзі – отты, қабақты, танауының қарасы мол – өжеттіктің белгісі, үшіншіден – аяқтары сіңірлі, саусақты, тырнағы ұзын – жүйріктіктің белгісі.
***
Азусыз момын жүз тобырдан жақын іздегенше, азулы қаныпезер бір бөріден дос тапқаныңыз артық.
***
Бұйрық орындалмаса құйрық бұралады. Егер еркек боп уәдеңде тұрсаң босатайын, бірақ «бұйрығымды орындамасаң, құйрығыңды бұраймын» дей бергенде, «айтыңыз, бәрін орындаймын, мен де өзіңіздей еркекпін» деп жөппелете жөнелдім.
Мақала BR21882249 «Мәдениетаралық коммуникация құралы ретіндегі Қазақ тілінің ұлттық корпусын (ҚТҰК) жетілдіру, ішкорпустарын кеңейту» жобасы аясында Жазушылар корпусын әзірлеу мақсатында дайындалды.
Дайындағандар:
Айгүл Әмірбекова,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Лексикология бөлімінің
меңгерушісі, филология
ғылымының кандидаты
Гүлнар Талғатқызы,
Тіл білімі институтының
кіші ғылым қызметкері,
докторант
https://anatili.kazgazeta.kz/news/62648