СӘКЕН СҮЙГЕН СҰЛУЛАР

391
Сәкен үш рет үйленген.Алғашқы жарының есімі – Рахима. Бет біткеннің сұлуы болған екен. Сәкенді арбаған алдамшы сезімі де оның осы ажарына алдымен назары ауғандығынан шығар, кім білсін!?
Ақынның алғаш ғашық болған қызы Рахима болатын. Сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішев ағамыздың суреттеуімен айтсақ, «Бойында әлденеше халықтың қаны араласқан қараторының реңдісі, оттай жарқыраған жанар, кең маңдай, аққу мойын, тоқ балтыр, кербез аяқ алыс… Сирек кездесетін айдай ажары бар Арқа аруы».
Рахиманың кербезденіп жүретіндей жөні бар. Ол Арқаға аты мәлім Уәли Халфан деген ақмолалық алпауыт байдың бұлаңдап өскен қызы еді. Сәкендей беделді, қызметіне құрметі сай мырзамен қызының тағдырының табысатынына іштей насаттанып, бұл байланысты мақұл көргені де рас. Бай-құлақты алқымнан алып жатқан Совет өкіметінің өктемдігінен арашалап қалуға құдіреті жететін шығар деген дәмесі де жоқ емес. Әйтсе де байлығына мастанып, маңғазданып қалған жалған намысқойлығы ә дегеннен иіле салуға икем бермеді ме, қызына құда түсе барғандарға «Көрерміз. Асығатын шаруа емес, Жастардың өздері білер» деп тәккаппарлана шығарып салыпты.
Әрине Уәли байдың кісімси бұл кергуі екі жастың жолын бөгеген жоқ. Бірақ олар бақытты жұп болып, ұзақ отаса алмады. Баршылықпен бұраңдап өскен бойжеткен үй тірлігіне тіпті икемсіз болып шықты. Қазан-ошақтың да орайын таба білмеді. Сәкеннің келім-кетім қонақтарына қабағын кіржитіп, кісі күте алмайтын кісікиіктігін тез байқатып алды. Кешегі сызылған мінезі сызданған кейіпке көбірек ауысатын болды.
Қызмет бабына қарай Сәкеннің алдына келетін адам аз ба? Бұдан да кілтипан іздейтін келіншегінің шектен шыққан қызғаншақ мінезі де мезі етті. «Бөлмеңде ана әйел неге отырды? Ана келіншекпен не туралы сөйлестің?» деген секілді тергеулер мен теңеулер жүйкесін жұқартатын болды. Беттен алып, төске шапқан байдың қызының «әкемді салықтан босат, советтің сергелдеңінен аман алып қал» деген талаптары да аз болмады.
Сері, кербез де кінәмшіл Сәкенге мұндай әйелмен жарасымды өмір сүру оңай емес еді. Оның үстіне ақын-жазушы адамның жан-дүниесі өзгеше болмай ма? Рахиманың кейбір еркелігінің өзі ерсі көріне бастаса керек. «Кешқұрым күнде далаға бірге жүр» деп қиылатын қылығынан да жалыққан сияқты. «Қашанғы оны жетектеп жүрмекпін» деп достарына шағынатыны да содан болса керек. Ажарына ішкі базары сай келмеген келіншекпен Сәкен ақыр соңы ажырасып тынды.
Сәкен Сейфуллин 1920-1925 жылдары Совнаркомның төрағасы қызметін атқарды. Осы мекемеде бірге қызмет атқарған Әлкей Өтекин мен оның інісі Каскей Өтекин Сәкеннің үзеңгілес жолдастары еді. Ағайынды екеуі Рахимамен ажырасып, бойдақ жүрген Сәкенді өз елдеріндегі Көкеш есімді сұлумен таныстыруды ойластырады. Бұл ұсынысқа Сәкен де қарсылық етпейді. Сәкенді ауылдарына қонаққа шақырып, ебін тауып екеуін таныстырады. Көкеш (шын аты Гүлнар) те өте сымбатты ару екен. Сәкеннің жүрегін бір көргеннен дір еткізеді. Қыз да сылқым сұлу жігітке көңілі бірден құлап түседі. Бірақ Көкештің атастырылған жігіті бар екен. Бір қызығы дәл сол кезде Пейруша есімді сол жігіт атастырылған қалыңдығын алып кетуге келіп жатқан еді. Сәкен қызға «көңілің менде болса, ер соңымнан, алып кетемін» дейді. Бірақ айдай ару бірден келісе салуды ар санап, «Біраз күн күтіңіз» деп қиылады. Қыздың назынан көңілінің сазын аңғарған ақын «Жоқ, айналайын, менің күтетін уақытым жоқ. Ерсең, жүр. Болмаса, қоштасамыз» деп кесімін бір-ақ айтады. Қыз әрине көңілі құлаған жігітінен қалай айырылсын?!
Ал Перуша Сәкенмен приходская школада бірге оқыған, бұрыннан таныс-біліс жігіт еді. Орындалғалы тұрған арманының аяқ астынан астаң-кестеңі шыққанына жаны күйзелген жігіт Сәкенге жолығып:
– Сәкен, жерлестігіміз бар, бірге оқыған таныстығымыз бар. Енді бір шүйкебасқа бола сыйластығымызға сызат түсіреміз бе? Сен сәнің де, салтанатың да, атың да, атағың да бар адамсың. Жолыңда талай ару жолығады. Мен жердің үстімен келіп, астымен қайтпайын. Қызды қалдырып кет» деп қиылады. Сәкен қалай қалауынан бас тартсын. Сонда да ерікті қыздың өзіне салып:
– Перуша, қазір уақыт өзгерді. Әйел өз теңдігін алған заман. Көкештің таңдауы білсін. Сені қаласа, қарсылығым жоқ, – деп әңгіменің ашығын айтады.
Ертеңіне бірін-бірі қалаған жұп Көкшетаудан үш жүз шақырым қашықтықта жатқан Қойтас ауылын артқа тастап, Омбыға, одан Мәскеуге жетеді. Сөйтіп Орынборға келіп орнығады. Осылайша Саңғал қыпшақтың қызы Гүлнәр-Көкеш Мусинамен жаңа өмір бастайды. Әйткенмен олардың жұбайлық өмірі көпке ұзамады. Ауылда қазақы қалыппен өскен қыз еуропалық тәртіпке түсе алмады. Кешегі бүрмелі көйлек, үкілі кәмшатпен көлбеңдеп жүрген көрікті бойжеткен жаңа ортаның еуропалық үлгісін үстіне ілгенде сымпиған сиықсыз кейіпке енді де қалды. Қала өміріне бейімделмеген, үлкен ортаның мәдениетін меңгермеген, ол аз болса оқымаған, білімсіз бойжеткеннің кемшілігі күн сайын, сәт сайын көзге ұрып тұратын еді. Ауылдан ұзап көрмеген Көкеш күйеуінің қызмет жағдайын да, өмірінің мақсат-мүддесін де түсінуге өресі жете бермеді. Қызғаныш деген қызыл ит оның да басты ауруы болды. Совнаркомның төрағасының кештетіп шығатын жиналысы бар, уақытпен санаспайтын қызметі бар. Ал Көкештің көкейінде «қай әйелмен қайда жүрдің?» деген сұрақтан өзге күдік болмайтын. Түсіністік болмаған жерде тірлік оңа ма?
Сәкен Көкешпен ұрыс-керіссіз қоштасуды жөн санады. Бірақ онысын әйелі сезбей де қалды. Бір күні ол келіншегіне:
– Ауылыңды сағынып жүрген жоқсың ба. Бір ноғай жігіті Ақмолаға кетіп барады екен. Сол ауылыңа дейін жеткізіп салады. Қаласаң, еліңе барып қайт, – дейді.
Қаланың қапас тіршілігінен запы болып жүрген Көкеш мына ұсынысқа қуана келіседі. Ал Сәкен ноғай жігіт арқылы Гүлнәрдің Мұхамедрақым деген жездесіне: «Көкешті ауылға қайтардым. Біз шаңырақ құратын деңгейде емес екенбіз. Ғапу өтінемін» деген сыңайда хат беріп жібереді.
Жездесі біраз күннен кейін балдызына мән-жайды жайлап түсіндіреді. Бұл әңгіме Көкешке қатты соққы болып тиеді. Есеңгіреген күй кешіп, бір ай үйден шықпай жатып алады. Бірақ Сәкеннен айрылуына себеп болған кейбір кемшілігінің орнын толтыруға талпынды ма екен, ол есін жиған соң Омбыға, одан соң Ташкентке келіп, оқуға түседі. Білім алып, біраз қызметтер атқарады. Сәкеннен кейін ешкіммен тұрмыс құрмаған Көкеш апамыз өмірінің соңғы кезеңінде Шымкентте кинотеатр директоры болды.
Сәкен Сейфуллиннің үшінші әйелі, ақынға мәңгілік серік болған жар – Гүлбаһрам Батырбекқызы. Батырбек атақты ақын Қайып Айнабековпен ағайынды адамдар. Сәкен Совнарком төрағалығынан босап, елге келіп біраз демалады. Орынборға қайтар кезінде Қайып: «Сонда оқитын немере қарындасым бар еді, сәлемдеме беріп жіберейін, ала кетші» деп өтініш айтады. Гүлбаһрам бұл кезде Петропавлда Совпартшколда оқып жүрген. Оның бұл оқуға келуі де бөлек тарих. Гүлбаһрамның атастырылған жігіті аттан құлап, мерт болады да, оны әмеңгерлік салтымен келін ету жайлы әңгіме қозғағанда бойжеткен қыз бұл шешімге қарсы болып, оқуға тартып кетеді. Сәлемдеменің себебімен Сәкен 17 жасар Гүлбаһраммен танысады. Бұл кезде ақын 31 жаста еді. Алғашқы таныстықта-ақ Сәкен қызға «менің бір қолжазбаларым бар, соны көшіруге көмектессең қайтеді?» деп қолқа салады. Бұл — Гүлбаһрамның өз ағасы Қайып Айнабековтің баспаға тапсыратын өлеңдер жинағы болатын. Тапсырманы тап-тұйнақтай орындаған қыздың сауаттылығына, алғырлығына, батылдығымен қоса ақжарқын мінезіне тәнті болады. Сәкен бойжеткенге: «Қарағым, сен біздің Қызылордаға (ол кезде астана Қызылордаға ауысқан) барып оқысаңшы. Осындай Совпартшкола ол жақта да бар, – деген ұсынысын да білдіреді. Бұл ұсынысты бірден құп алмағанымен Гүлбаһрам екеуінің арасын хаттар жалғап тұрады. Бір күні «Еңбекші қазақ» газетінде Гүлбаһрамға арнаған өлеңі жарқ етіп жарық көреді.
«Елден келдің қалаға қалаға, Оқу іздеп, шырағым. Жүрмегейсің ұмытып, Ауылдың алыс-жырағын», — деп басталатын сегіз шумақтан тұратын осы бір өлең олардың тағдырының табысуына сеп болғандай. Гүлбаһрам Қызылордаға барып, екеуі бас қосады.
Әрине, бірін-бірі сүйіп қосылған екеуінің арасына жік салған жағдайлар да кездесіпті. Көрікті де кербез жігіттің жолын аңдып, мойнына өзі келіп асылып, араға сөз аралатқан Ғалия есімді біреудің қылығына ашынған Гүлбаһрам апамыз әй-шәйға қарамай құндақтағы Лаурасын көтеріп, Москваға тартып кетеді. Ол жақта Қызыл профессура институтында оқып жүрген Сәбит Мұқановтың пәтеріне жетіп, барған бойда Орталық партия комитеті жанындағы стенография курсына оқуға түсіп алады. Сәкен бастапқыда қатты күйінгенмен: «Гүлбаһрам, сенің оқуға түскенің абырой болды. Әйтпесе әйелі Сәкенді тастап кетіпті» деген сөзге қалар едім. Қадамыңды құптаймын. Мүмкіндігің болса, келіп те қайтарсың?» деген хат жазады. Өкпе-назы тарқамаған Гүлбаһрам қайдан бірден келе қойсын. Арада қыс пен жаз өтеді. Бір күні құлағына «Сәкен үйленгелі жатыр екен» деген қауесет жетеді. Осы сөзді естігенде оқуын да, бәрін тастап, Алматы қайдасың деп кері қайтады. Бірақ әйелдік тәккаппарлығы жібермеді ме, бірден өз үйіне бармай, Абдолла Асылбеков деген азаматтың үйіне түседі. Ертеңіне Абдолланың жұбайы Банудың қолқалауымен опера театрына концертке барады. Алматы ол кезде шағын ғана қала. Гүлбаһрамның келгенінен хабардар болған Сәкен келіншегін іздеп барып, кешірім сұрап, «Бір ашуыңды қи енді» дегенде, апамыз артық сөзге келмей, жұбайының мойнына асыла кетіпті.
Өкініштісі зарығып жеткен Лаурасы 3 жасында ауырып, қайтыс болды. Ал Сәкен ұсталардан бір жыл бұрын өмірге келген Аяны Гүлбаһрам жер ауып бара жатқанда поезд үстінде шетінеп кетеді. Ұлынан айрылатынын Сәкен түсінде көрген екен.
1938 жылдың ақпанында Гүлбаһрам күйеуін соңғы рет түрмеде көргенін былай суреттейді: «Кірсем, кірпігі көзіне жабысып, өңі құп-қу Сәкенім отыр. Нарттай беті қарайып кеткен. Жағы суалған. Қайратты қара шашын сыпырып тастаған. Шашы 4-5 айда ағарып кеткені көрініп тұр. Көз жанары сөнген. Өң жоқ. Екі ұрты ішіне кіріп кеткен. Тістері қаусап қалған болу керек. Алдымда отырған бір аруақ секілді… Бұл кездесу Сәкенді соңғы көруім екен ғой…Тіпті, дұрыстап сөйлесе алмадық. Орысша сөйлесіңдер деп жан алып тұрғанда не айтып, не қоярсың? Сөздің бір ретінде «Аянды неге сұрамайсың?» дегенімде, ұйқыдан шошып оянған адамдай:
– Ол тірі ме еді? – деп қарсы сауал қойды.
– Қой қайдағыны айтпа, асыр салып ойнап жүр, мұнда жібермейді екен, үйде қалды. Ондай жамандықты қайдан естіп жүрсің! Аман, қам жеме, өзіңнің ақталып шығуыңды күтеміз, – дедім.
– Әрине, солай ғой. Бір жаман түс көріп едім, тілім де, түсім де қара тасқа!» –деп бір түкірді. Дауысы бұрынғыдай ашық естілмей, кетік тістен шыққандай ысыл араласып тұрды. «Адалмын, тазамын, ақталамын» деп анау естісін деп құшырлана айтты…»
Бірақ ол тас түрмеден ақталып шыға алмады. Тағдыр оны жары Гүлбаһраммен қайта жүздесуге жазбады. Ол көп ұзамай НКВД-ның қабырғасында жазықсыз атылды.
Қызы мен ұлынан да, Сәкенінен де айрылған Гүлбаһрам апамыз тағдырдың ащы таяғын жей жүріп, жаланың құрбаны болған жарын ақтап алу үшін талай есікті тоздырды. С. Сейфуллин арада 20 жыл өткен соң, яғни 1957 жылы қуғын –сүргін құрбандарының алғашқысы болып ақталды.
29 жасында жесір қалған Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина 12 жыл отасқан аяулы жарына деген асыл махаббатына дақ түсірмей, сол күйі тұрмыс құрмады. Бауыры Бозтайдан қалған үш қыз бен немере інісі Ерікті бауырына басып, өсіріп, ел қатарына қосты. Соғыс қарсаңында Қаскелеңдегі «Қайрат» артелінде тігінші болып жүргенде ауруға шалдығып, 2-дәрежелі мүгедектікке шығады.
Ол бар ғұмырын Сәкеннің артында қалған мұраларын жинақтауға арнап, қазақтың ұлы тұлғасымен өткен өмірін көкірегінде тәтті сағынышпен құндақтап, 1973 жылы 65 жасында мына фәни дүниенің есігін жапты.
Әрине Сәкен сүйген, Сәкенді сүйген сұлулар әңгімемізге арқау болған арулармен шектеледі десек, ақиқатты бүркемелегендік болар еді. Келбетіне сән-салтанаты сай ақынның бойдақ кезінде қанша арудың арманы болғанын дөп басып айта алмаспыз. Әйткенмен сәкентанушыТұрсынбек Кәкішевтің «Сәкен сүйген сұлулар» кітабында Гүлшаһра (Гүлия) Досымбекова, Қабиба сұлу, Үміт (Үмила), Нина Мокина, Меруерт деген арулардың есімдері кездеседі. Тіпті орыстың әйгілі жазушы-революционері Галина Серебрякова Сәкенді алғаш көргенде оның сымбат-сұлулығына сұқтанғаны сондай, көз айыра алмай аңырып тұрып қалған деседі.
Сәкен Сейфуллиннің «Мен келем тау ішінде түнделетіп» деп басталатын өлеңі Сәния атты бойжеткенге арналған көрінеді.
Революционер ақын 1920 жылы Колчак түрмесінен қашып шығып, Сарыадырдағы нағашысына жетер жолда жолыққан Сәулім деген сұлуды «Тар жол, тайғақ кешу» романында ғажап суреттейді. Ақынның «Біздің жақта» деген өлеңі сол қызға арналған екен.
Бойдақ кезінде қаракесек руынан шыққан Гүлбадан деген қызбен сөз байласып, үйленбек болғандарында қыздың ағалары жолдарын бөгеп, алып қалыпты деген әңгіменің шетін де Тұрсынбек ағамыздың айтқандарынан аңдаймыз.
Мың сұлудың арманы болған Сәкенге тағдыр айнымас жан жары етіп Гүлбаһрам анамызды жолықтырыпты. Сәкен оның жүрегінде мәңгі муза болып қалды.
Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ
Зауре Даулетова парақшасынан.
Возможно, это изображение 2 человека, ребенок и люди стоят

Leave A Reply

Your email address will not be published.