Сақалды құрылыс сарсаңға салуда

702

Ресми дерек бойынша жыл сайын елімізде 200-ден астам жасөспірім суицидке барады екен. Облыста өткен жылдың 4 айында 2 жеткіншек өз-өзіне қол жұмсап, қаза тапқан. Ал, биыл жыл басынан бері жастар арасында 7 суицид оқиғасы тіркеліп, абырой болғанда оның алтауы қайғылы жағдаймен аяқталмады. Өкінішке қарай, бір жасөспірім белгісіз себептермен өз-өзін өлімге қиған.

Соңғы уақыттарда Тараз қаласының тұрғындары Қ.Тұрысов көшесінің бойында біраз жылдан бері құрылысы аяқталмай келе жатқан нысанға алаңдаулы. Оған себеп, ғимарат бүгінде өмірден түңілгендер үшін «таптырмас» орынға айналған. Мәселен, биылдың өзінде жұмысы тоқтап тұрған құрылыс алаңында екі суицид фактісі тіркелді. Абырой болғанда қайғылы оқиға орын алған жоқ. Нақтырақ айтсақ, сәуір айының 27-сі күні аталған бос ғимараттың 5-қабатынан секірмек болған студент қызды дін жолындағы азамат аман алып қалған болатын. «Биіктен секіріп кетемін» деп қиғылық салған студентті райынан қайтаруға құзырлы орган өкілдері мен оқу орнының басшылығы жұмыла күш салғанымен, түк шықпаған. Қайта керісінше, адам жақындаған сайын бойжеткен ғимарттың қиыр ұшына жылжып, жағдай ушыға берген. Тек келіссөзге медресе шәкірті кіріскенде ғана өмірден баз кешкен 19 жастағы қыз сабырға келген. Адам естігенін емес, көргенін қайталауға әуес. Сондықтан болса керек, осы қаңыраған бос ғимаратта 30 маусым күні тағы бір бойжеткен суицид жасамақ болған. Жедел әрекеттің нәтижесінде ол да мезгілсіз ажалдан аман қалып, жақындарына табысталған.

– Өз-өзіне қол жұмсамақ болған қыз баласы облыс орталығындағы кол­ледж­дер­дің бірінде білім алады. Оқу орнындағы кезекті емтихандардың бірінен орташа бал алғандықтан шәкіртақысынан қағылатындығын біліп, осындай қадамға баруға әрекет еткен. Ата-анасынан жырақта, құрбы қыздарымен бөлек тұратын бойжеткен суицидке алдын ала дайындалып, анасына хат та қалдырған екен. Дегенмен, құрбылары дер кезінде хатты оқып, оны іздей бастағанда құрылысы аяқталмаған нысанның 5-қабатынан тауып алып, қыздың өмірін аман алып қалған, – дейді облыстық жергілікті полиция қызметі Ювеналды полиция бөлі­мі­нің аға инспекторы Нұркен Абдуллин.

Қаланың қақ ортасында ашықтан-ашық тұрған нысан бүгінде жергілікті полиция қызметінің жіті назарында. Облыстық жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Уалихан Сексенбаевтың айтуынша, бүгінде ол маңға тәуліктік кезекшілік қойылыпты. Ондағы мақсат – есерсоқ ойдың жетегінде жүріп, өлімге асыққандарды ғимаратқа жолатпау және қайғылы оқиғаға жол бермеу. Сондықтан, Уалихан Молданұлы жауапты мамандар аталған нысанды ретке келтірсе дегенді айтады. Өз кезегінде біз нысанның мән-жайын білу мақсатында облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына хабарласқанымызда нысан жекеменшік иелігіндегі жер теліміне салынып жатқандықтан, оған қатыстары жоқ екендерін мәлім етті. Тек Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің заңгері Әсет Мақажанов 2014 жылдың 1 тамызында «Береке-5» деп аталатын серіктестік Наталья Багданова есімді азаматшадан жер телімін сатып алғаны туралы ақпарат берді.

– Бүгінде ол нысан тұрған жер телімі 5 589 шаршы метрді құрайды. Сатып алудағы мақсаты – кәсіпкер ол жерге спорттық сауықтыру орталығын салмақ болған. Сондай-ақ, 5 қабатты ғимаратта қонақ үй, ресторан, кеңсе де болады деп жоспарланған. Ал, ғимараттың ең төменгі бөлігінен автотұрақ ашылады деп көзделген, – дейді Ә.Мақажанов.
Тараз қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары да құрылысты жүргізіп жатқан жекеменшік иелері болғандықтан, соғып бітіру немесе қайта бұзып тастауына араласа алмайтындықтарын айтты. Дегенмен, сақалды құрылысқа құзырлы орган тарапынан қатаң қадаға болады деп үміттенейік.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.