Қарағандылық Алуа Тебенова Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Өнер және дизайн университетінің докторантура бөлімінде оқиды. Орта Азия елдерінің мәдениетін зерттеп жүрген ол Румынияның бірнеше қаласында жеке көрмесін өткізген. АҚШ, Франция, Германиядан тапсырыс көп алатын Алуа шетелдіктердің, әсіресе румын халқының қазақ мәдениетіне қызығушылығы орасан екенін айтады. Румынияда «Өз мәдениеті туралы сурет салатын суретші қыз» ретінде танылған Алуаға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Бұған дейін «Суретшілер бакалавриатпен шектеледі. Шығармашыл адам болған соң еркін жұмыс істегенді құп көреді. Олардың ғылым жолына түсуі екіталай» деп ойлаушы едім. Бірақ сіз туралы мәлімет оқыған соң бұл ойымның қате екенін түсіндім. Сурет салып қана қоймай, бұл өнер туралы докторлық диссертация жазуыңызға не түрткі болды?
– Кішкентай кезімде сурет салуға икемім бар екенін байқаған ата-анам мені Қарағандыдағы көркемөнер мектебіне оқуға берген. Онда бес жыл оқыдым. Десе де, мектеп бітірер кезде болашағымды бұл саламен байланыстырамын деген ой мүлде болған жоқ. Ата-анам секілді дәрігер боламын деген оймен медициналық университетке құжат тапсырғалы жүргенмін. Бірақ анам «Алдымен жүрегіңді тыңда. Интуицияңа сен. Сен суретті жақсы саласың. Дұрысы, дизайн немесе графика факультетіне оқуға түс» деп ақылын айтты. Сөйтіп, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің көркемөнер факультетіне оқуға түстім. Ал ғылым жолына түсу себебін сұрасаңыз, ҚарМУ-да біз оқыған факультет педагогикаға негізделгендіктен онда біз бейнелеу өнері пәнінің мұғалім мамандығын алып шықтық. Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көркемсурет, графиканы салудың қыр-сырын оқытады ғой, ал бізде ондай емес, педагогикаға басымдық беріледі. Бізге Қарағанды Суретшілер одағының суретшілері сабақ берді. Олар маған «Біліміңді жетілдіргің келсе Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ немесе Өнер академиясына оқуға түс» деп кеңес берді. Бірақ мен бейнелеу өнерінің қайнар көзі саналатын Еуропада оқыған абзалырақ екенін түсініп, онда оқуға түсудің жолдарын қарастыра бастадым. Ақырында Румынияның Клуж-Напока қаласындағы Өнер және дизайн университетінің магистратура бөліміне грантқа оқуға түстім. Бағдарлама ережесіне сәйкес, бір жыл румын тілінен курс оқыдым.
– «Көшпенді әйел» тақырыбын бұрыннан зерттегіңіз келіп жүр ме еді, әлде бұл идея Румынияда туды ма?
– Негізі, алғаш оқуға келген кезде ойымда ешқандай зерттеу тақырыбы болмаған-тын. Көркемөнер я әлдебір картинаға байланысты бір тақырыпты таңдармын деп жүргенмін. Тіл курсында оқығанда әртүрлі елден келген топтастарым менен «Сен кім боласың?», «Дінің қандай? Тілің қандай?» деген сұрақтарды көп қоятынды шығарды. Түр-әлпетіме қарап мені қытайлық, жапон немесе корей ұлтынан деп ойлайтын. Бірде бір топтасым «Буддиссің бе?» деп сұрайды. «Жоқ, мұсылманмын» десем, «Сонда қай тілде сөйлейсің?» деп қайыра сұрақ қояды. «Қазақ және орыс тілінде» десем, «Қалай сонда? Екі тілде ме?» деп таңғалады. Көбіне «Иә, біз азиатпыз. Бірақ біз мынадай азиатпыз» деп біздің ұлттық ерекшелігімізді түсіндірумен болдым. Көпшілікпен сөйлесе келе олардың біздің ел туралы ештеңе білмейтінін түсіндім. Сөйтіп, қазақтың бірегейлігін сөзден гөрі іспен айқындауға бел будым. Шығармашылық емтихан тапсырған кезде портфолио әзірлеуің қажет әрі алдағы уақытта қорғайтын тақырыбыңды бекіту керек. Сөйтіп, «Көшпенді әйел» тақырыбымен қазақ әйелінің бейнесін таныстырғым келді. Әйелдің бірегейлігі арқылы қазақ мәдениетін насихаттауды көздедім. Қарапайым тілмен айтсам, бізді жөнді танымайтындарға «Міне, менің ұлтым осы. Менің бірегейлігім осы. Менің мәдениетім осы» дегендей үндеу тастағанды жөн санадым. Бұл үндеу – құдды бір стейтмент, яғни мәлімдеме іспетті. Бағамдап қарасам, бұл іс қолымнан келіп жатқан секілді. Қазір университеттегі көпшілік мені таниды. Әлдебіреу суретшілер туралы сұрай қалса «Қазақстаннан келген осындай суретші қыз бар. Өз мәдениеті туралы сурет салады. Орта Азия туралы туындылары тағы бар» деп бірден мені айтады. Олардың айтқанын тыңдасаң, біздің университетте Орта Азиядан жалғыз мен ғана секілдімін (күліп).
– Қателеспесем, қазір докторантурада Орта Азия мәдениеті туралы зерттеу жүргізіп жүр екенсіз.
– Иә. Магистратураны бітірген соң осындағы профессорлар «Талантыңа тәнтіміз. Сен енді Қазақстаннан ары асып, Орта Азия аймағын зертте. Бізде тағы оқуға қал» деп қолқалаған соң өзім оқыған университеттің докторантурасына оқуға түстім. Қазір Орта Азия мәдениеті туралы зерттеу жүргізудемін әрі осы тақырыпта суреттер саламын. Коллекциямда қазақтан басқа түркі халықтарын ерекшелеп тұратын элементтер де бар. Өткенде қырғыздардың баскиімі туралы сурет салған едім. Біздің курста оқитын қырғыз қыздан кеңес алып, ұлттық киімдері туралы егжей-тегжей сұрап алдым. Кейін ол маған бұл жөнінде жазылған мақалалар мен кітаптарды тауып берді. Оларды мұқият оқыған соң әлгі суретті салдым. Жалпы, мен туындыларымды серия-серияға бөліп тастағанмын. Баскиімдер сериясы, кілемдер сериясы, дәстүр және қазіргі заман сериясы секілді жалпы саны он серия бар. Әр серияны үнемі толықтырып отырамын. Бүгін сәукеленің суретін салсам, ертең жылқының, арғы күні дәстүрді бейнелеймін. Байқап отырғаныңыздай, мен тек сурет салып қоймаймын, алдымен ол тақырыпты мұқият зерделеймін. Осында келгелі көп кітаптың бетін ақтардым. Әсіресе, Зира Наурызбаеваның түркі аңыздары туралы кітабын қызыға оқыдым. Шыны керек, көп дерекке қанық болдым. Біздің мәдениетке басқа мәдениеттердің ықпалы болғанын білдім. Десе де, мәдениетіміздің соншалық бай екеніне көзім жетті. Білген-түйгенімді тек ішімде сақтамай, түрлі түсті палитрамен кенеп бетіне түсіргім келді.
– Өзіңіз жоғарыда айтқандай, бейнелеу өнерінің қайнар көзі саналатын Еуропаға келген соң сурет салу стиліңіз өзгерген болар?
– Әлбетте. Қарағандыда орыс мектебінен білім алған суретшілердің нұсқауы бойынша классикалық реализм стилінде сурет салдық. Ал Румынияға келген кезде бүкіл Еуропа секілді заманауи стильге көштім. Бастапқыда әйелдер бейнесін реализм стилінде салып жүргенмін. Сосын осындағы оқытушылар «Бұлай натюрморт, статика секілді салу – ескі нәрсе. Мұнда бұлай салмайды. Стиліңді өзгерт. Заманауи бояу қос. Абстрактілеу болсын» деп ақыл айтты. Сөйтіп, қазір классикалық реализм мен абстрактінің қоспасынан өзіме қажет стильді тауып алдым. Біздің суретшілер қазақ мәдениетін көп бейнелейді, бірақ олар сөзбе-сөз жеткізіп береді. Дала, киіз үй, жылқының суретін салып, «Ауылдың өмірі осылай» дегенге келтіреді. Ал менде мистика, мифология, фантазия басымырақ. Бір суреттің артында көп дүние менмұндалап тұрады. Өздігінен осындай стилім пайда болды (күліп).
– Румынияның бірнеше қаласында жеке көрме өткізгеніңізді естідік. Ол елде жүрген аз уақыттың ішінде бірнеше көрме өткізгеніңізге қарағанда туындыларыңыз румындардың расымен қызығушылығын тудырған секілді.
– Солай секілді. Алғашқы жеке көрмемді 2018 жылы Француз мәдени институтымен бірлесіп өткіздім. Сосын ел астанасы Бухаресте Қазақстан елшілігімен бірлесіп көрме ұйымдастырдық. Қазақстанның Румыниядағы мәдени күндерінде де көрме өткіземіз. Одан бөлек, Румынияның бірнеше қаласында көрме өткізілді. Жеке көрмеден бөлек, румындық суретшілермен және бірге оқыған топтастармен де көрме ұйымдастырамыз. Жалпы, көрме өткізуден алған эмоция көңілге майдай жағады. Біріншіден, бұл румын қоғамымен байланыс орнатуға септігін тигізеді. Екіншіден, бұл – өз елің, өз мәдениетіңді насихаттауға таптырмас мүмкіндік. Жалпы, румын халқы Қазақстан туралы көп мәлімет білмейді. Біздің елді Моңғолиямен шатастырады. Қала берді, Кеңес Одағының құрамында болған кездегі деректерді айтып береді. Мұнайлы мекен екенін біледі. Каспий мен «Қазмұнайгаз» туралы да хабардар. Алайда мәдениетімізден бейхабар. Көрме кезінде келушілер өздеріне бейтаныс мәдениет бейнеленген суреттегі элемент, символизм туралы көп сұрайды. «Айтып жіберіңізші. Мен мұны дұрыс түсіндім бе? Бұл осылай ма?» деп өз болжамын ортаға салады. Сөйтіп, тарихты қазбалап, біраз деректі айтып беремін. Бір жақсысы, олар «Жоқ, олай емес еді ғой» деп қарсыласпайды. Менің түсіндіргеніме риза болып, бұған дейін ағат ойлағанын мойындап, енді жете түсінгенін айтады. Көрмелерге қатыса жүріп түсінгенім, румын халқы біздің мәдениетке қатты қызығады. Қазақстан туралы әңгімелегенде біздегі табиғаттың көркемділігін сөзбен суреттеп жеткізу мүмкін емес екенін, әсіресе шетелдіктер көп баратын екінші Швейцария бізде орналасқанын айтамын.
– Бір картинаның өзінен осыншама ақпарат алады.
– Иә, бір ғана картинадағы элементтерді түсіндіру арқылы осыншама ақпарат айтып беремін. Кейбірі мені румын тілін білмейді деп ойласа керек. Картинаға қызығып, әлдебір дерек сұрағысы келіп, айналасынан таныс адам іздейді. Сосын румынша сөйлей жөнелсем, таңғалады.
– Ал Қазақстанда көрме өткізе алдыңыз ба?
– Иә. 2019 жылы Қарағанды Суретшілер одағының жыл сайын өтетін есеп беру көрмесіне қатысқанмын. Жалпы, Қарағанды жұртшылығы мені жақсы таниды. Сол үшін жыл сайын өтетін көрмелерге жиі шақырады.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңыздан туындыларыңызды сатылымға қоятыныңызды байқадым. Көбіне қай ел тапсырыс береді? Қазақстаннан да сатып алатындар бар шығар?
– Қазір екі галереямен жұмыс істеймін. Бірі – Франциядан, екіншісі – АҚШ-тан. Осы екі галерея арқылы туындыларымды сатамын. Десе де, Instagram-дағы парақшама жүктеген суреттерді ұнатып қалған кейбір кісілерге галерея арқылы сатып алу қиынға түседі, өйткені оның ішін ағылшынша толтыру керек. Бірін түсінсе, екіншісін түсіне бермейді. Сондықтан ара-тұра өзім кірісіп кетемін (күліп). Көбіне Америка, Франция, Германия елдерінен көп тапсырыс түседі. Қазақстаннан да сатып алатындар баршылық. Ақтау, Алматыда тұратын, көркемөнерді ерекше бағалайтын жерлестер жиі тапсырыс береді. Қазақстандықтар әлеуметтік желіде фидбэкті «аямайды». Ұнаған картинаны өз парақшаларына іліп әкетіп, жарнамалап жатады. Мен суретті әлдебіреудің интерьеріне сәйкес келетіндей етіп салмаймын. Бірақ шетелдік бір клиенттің әрекеті мені таңғалдырды. Менен сатып алған бір суретке бола бөлмесіндегі интерьерді түгел ауыстырған. Франция, Германиядағы кейбір клиенттердің жіберген суреттерін қарағанда, еуропалық интерьермен көркемделген бөлменің қабырғасында түркі әлемі тақырыбында салған менің суретім ілулі тұрады. Ал ана кісі көпшілік қызығатын сол еуропалық стильдегі интерьерді бұзып, бөлме ішін менің картинама сай келетіндей етіп «безендірген». Кілемін, тіпті диванын ауыстырған. Мұны көрген кезде таң-тамаша болдым.
– Қылқаламыңыздан шыққан туындының идеясын өзіңіз ойлап табасыз ба? Неден шабыт аласыз?
– Бәрі, бәрі – өз қиялым, өз ойымнан туған дүние. Ешкімді көшірмеймін. Ешкімге еліктемеймін. Тек қажет элементтерін іздеймін. Мысалы, кілемге оранған бұрымды қыздың картинасын алып қарасақ, ондағы ою-өрнек біздің бірегей код болғандықтан, контурын интернеттен аламын. Бірақ түсін, композициясын ойымнан құрастырамын. Онда туғанға дейінгі және туғаннан кейінгі өмір бейнеленген. Одан бөлек, интернетте хит болған, қазақтың кимешегі салынған картинамдағы ою-өрнектерді алматылық бір дизайнердің әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан байқап қалдым. Сосын одан рұқсат сұрап, оны референс ретінде қолдандым. Десе де, композицияны өзім ойлап таптым. Әлгі картина тіпті де кимешек туралы емес, онда әйелдің өмірі сипатталады. Байқасаңыз, кимешектің ішінде бет-әлпет бейнеленбеген. Әр адам одан әжесін я анасын көре алады. Жалпы, мен жүрген жерімде барлығын байқап, түртіп жүруге тырысамын. Шетелдік суретшілердің көрмесіне барамын. Интернеттен қазақстандық суретшілердің туындыларын қараймын. Ерекше туындыларды көргенде «Мынау қандай әдемі картина!» демеймін. Алғаш көргенде автоматты түрде ондағы элементтерді, түс гаммасын, композициясын талдаймын.
– Ағылшынтілді бір медиа сіз туралы «Румыниядағы қазақ мәдениетін насихаттаушы» деп жазған екен. Өзіңіз…
– Әрине, өзімді осындағы қазақ мәдениетін насихаттаушы ретінде сезінемін. Айналамдағылар да осыны үнемі айтады. ҚарМУ-дағы мұғалімдерім біз оқыған факультеттің студенттеріне мені үлгі ретінде үнемі айтып жүреді екен. Жоғарыда айтып өткенімдей, осындағылар да мені ауызынан тастамай айтып жүреді. Мұндайда бойымды мақтаныш кернейді.
– Докторантураны бітірген соң не істейсіз? Қандай жоспарыңыз бар?
– Осы бағыттан таймай, мәдениетімізді картиналар арқылы насихаттауды жалғастыра бергім келеді. Румыниядан асып, Еуропаның басқа аймақтарында дәріптеуді көздеймін. Негізі, сурет өнері шексіз ғой. Бүгінгінің ұрпағы SMM, блогинг, пиар саласы әлдеқайда мықты дамыған деп телефонға телміріп отырады. Бүгінде бейнелеу өнері секілді керемет өнердің «тірі» екенін, қазір сұраныста жүрген ешбір мамандықтан кем түспейтінін көрсеткім келеді. Бұл іс арқылы мол табысқа кенелуге болатынын дәлелдегім келеді. Жерлестерімнің өнерге ашық, жаңа дүниені тануға ынтық екені қуантады. Менің туындыларымды көргенде «Бізде де осындай бар екен ғой. Бірінші рет көріп отырмын» деп таңырқағанын жасырмайды. Соған қарағанда болашақта біздің өнердің коды әрі маңызы ерекше болатын секілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Фото: Влад Брага
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ