Республика күні – тәуелсіздігімізді ұлықтайтын мереке

254

Бүгінгі күнге дейін 16-желтоқсан – Тәуелсіздік күні, егемендігімізді алған күн ретінде тойланып келді. Биыл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік алған күн мен Республика күнінің ара-жігін ажыратып, 25-қазанды «Республика күні», ұлттық мереке ретінде бекітті. Нақтырақ айтқанда, 13 жылдан кейін бұл мереке алғаш рет тойланайын деп отыр. Бәріміздің ойымызда «бұл мерекенің қандай маңызы бар?», «ұлттық мереке дейтіндей Республика күні не болды?» деген сұрақтар жүрген болар. Turkystan.kz тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Біріншіден, 1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадамын жасады. Осыдан кейін «Республика күні еліміздің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген ұран пайда болды.

Екіншіден, қабылданған Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да ұлт өкілдерінің мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету, ұлттық болмысты қалыптастыру әрі нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді.

Үшіншіден, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі жарияланды. Одан бөлек мемлекетке ішкі әскер, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығы берілді. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы қағидаттардың негізінде кейінірек – 1991 жылғы 16-желтоқсанда – «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданғаны бәрімізге белгілі.

Төртіншіден, Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады.

Бесіншіден, бұл – тарихи және өте маңызды шешім болды. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де осы күннен басталады. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайтуға септігін тигізеді деген сенім бар.

Айта кетейік, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы алынып тасталып, 2022 жылдың 16-шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Қыркүйек айының ортасында Қазақстан Республикасының парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, «25-қазан Республика күні» – ұлттық мерекеге, ал «16-желтоқсан Тәуелсіздік күні» – мемлекеттік мерекеге айналды.

Бұл – тәуелсіздік күнін «еске алу», «қазалы күн» деген тіркестермен халық санасына сіңіру болып тұр. Биыл бәрі өзгермек. Әр мерекеге тарихи баға беріліп, халық санасына қозғау салатындай бағдар көрсетілді.

13 жылдан кейін оралған Республика күні бәрімізге құтты болсын!

Leave A Reply

Your email address will not be published.