РАМАЗАН – РУХАНИ ТАЗАРУ АЙЫ

916
Күллі әлем мұсылмандары сағына күткен берекелі Рамазан айы да келіп жетті. Бұл айды айлардың сұлтаны деп те атап жатады. Өйткені, бұл айда мың айдан да қайырлы болған Қадір түні бар, бұл айда ақ пен қараны, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы Құран Кәрім түсіріле бастаған.
Сол себептен Рамазан айын Құран айы деп те атайды.
Рамазан айында әрбір мұсылман Алланың әмірін орындап ауыз бекіткенде ішіп-жеуден ғана тыйылып қоймайды, тілден шыққан сөздің тазалығына, әр нәрсені көру үшін берілген көздің тазалығына, есту үшін берілген құлақтың тазалығына мән беріп, нәтижесінде рухани тазаруға қол жеткізеді. Бұл айда Алланың рахымынан үміттеніп, ауыз бекіткен момынның тәубесі қабыл болады. Қысқа қарай ағаштардың жапырағы қалай төгілсе, дәл солай ораза тұтқан адамның да күнәлары төгіледі.
Адамдардың жанын сергітіп, жүректеріне мейірім нұрының құйылуына сетеп болатын бұл ай ораза ұстаушының пендешілік қасиеттерден арылуына жәрдемші. Тәкәппарлық, көреалмаушылық, көрсеқызарлық, менсінбеушілік сияқты рухани дерттерден шипа тауып, мейірімділік, адалдық, бауырмалдық, шыншылдық деген жан азықтарына кенеледі. Өйткені, Рамазан айында пендені азғырып әртүрлі айлалармен жолдан тайдырушы лағынеті шайтандар кісенделеді.
Бұл айдағы оразаның жеке адам үшін де, қоғам үшін де берер пайдасы ұшан-теңіз. Өйткені, ораза тұтқан адам тұтқан оразасы қабыл болу үшін адамгершіліктің ақ жібінен аттамауы керек. Ғайбат айту, өсек-өтірік айту, жала жабу деген сияқты азғындық әрекеттер тұтқан оразамыздың пайдасын өртеп жіберетін жалындаған от. Дінімізде жалпы қандай құлшылықты жасайтын болсақ та ниеттің алар орны ерекше. Алланың елшісі (с.ғ.с.) бір сөзінде: «Әрбір амал ниетке байланысты…» — деген. Ендеше, оразаны әлемдердің жаратушысы Алла Тағаланың разылығын табу үшін ұстайтын момын, мұсылмандардың тек жақсылыққа ұмтылуы кез келген қоғам үшін пайдалы екені өзінен-өзі түсінікті.
Хазіреті Әли (р.а) былай деп айтқан екен: «Пайдаға бола жасалған ғибадат – саудагердің ғибадаты. Үреймен жасалған ғибадат – құлдың ғибадаты. Алла Тағаланың барлық жақсылықтарына шүкір ету мақсатында жасалған ғибадат – нағыз ерікті адамның ғибадаты» — деп.
Таң атқаннан кеш батқанға дейін нәр татпаумен қатар түрлі жамандықтардан нәпсісін тыю – өзін адамдыққа тәрбиелеудің теңдессіз мектебі деп айтсақ болады. Ал, енді кешке дейін ішіп-жеуден тыйылып, нәпсінің қалауларынан тыйылып, кешкі уақытта ауызашарға жеткенде Сіздің күтіп тұрған Алланың нығыметтері, тәніңіз үшін ас-ауқат болса, жаныңыз үшін мол сауап, пенденің бүкіл болмысын рахатқа бөлейтін баға жетпес байлық емес пе?
Таңғы уақыттағы сәресі мен кешке келетін ауызашар уақыттарының берекетін айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл уақыттар пенденің жасаған дұғасының қабыл болатын уақыттары. Сол үшін осы екі уақытта мейілінше көп дұға етуді әдетке айналдыру керек.
Құрметті мұсылман бауырлар!
Берекелі де, мерекелі Рамазан айы құтты болсын! Баршамызға осы айдың берекесін Алла Тағала нәсіп етсін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Алла Тағала еліміздің сыртын жаудан, ішін даудан сақтасын! Әмин!
Айбек Кәрімбаев
Сарысу ауданының бас имамы

Leave A Reply

Your email address will not be published.