Бұл туралы Кремльдің баспасөз қызметі мәлімдеді.
«Владимир Путин қайғылы оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде орын алғаны үшін кешірім сұрап, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында кесте бойынша ұшатын Әзірбайжанның жолаушылар ұшағы Грозный әуежайына бірнеше рет қонуға әрекеттенгені айтылды. Бұл кезде Грозный, Моздок және Владикавказ қалалары украиналық әскери дрон аппараттардың шабуылына ұшырады, ал ресейлік әуе қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарға тойтарыс берді», – делінген хабарламада.
- «Ұшаққа Ресей аумағында соққы жасалды»: Әзірбайжандық депутат Ресейден ұшақ апатына қатысты кешірім сұрауын талап етті
- «Мойындағанын күтіп отырмыз»: Әлемдік БАҚ Ресей зымыраны Ақтауда құлаған ұшақты атып түсіргенін хабарлап жатыр
Ресейдің тергеу комитеті “жол қозғалысы және әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғағаны хабарланды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынуда.
Қазір Әзірбайжан бас прокуратурасының екі қызметкері Грозныйда жүр, олар Ресейдің бас прокуратурасы мен тергеу комитетінің өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуде. Ақтаудағы апат орнында Ресей, Әзірбайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқаны айтылған.
Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді.
Фото: brics-russia2024.ru
https://stan.kz/putin-aktaudagi-yshati-apatina-baylanisti-alievten-kesh-411856/