Түркістан облысы прокуратурасы 7,5 миллион теңгеге 22 прокурордың портертін салуға тапсырыс берген деп хабарлады turkystan.kz 31 арнаның «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазақстанның Бас прокуроры және Түркістан облысының прокуроры болған лауазымды тұлғалар бейнеленген портреттер майлы бояумен салынады.
Мемлекеттік сатып алу порталында 7 қыркүйекте жарияланған лотты жеке кәсіпкер ұтып алған. Техникалық ерекшелік бойынша тапсырысты орындаушы әр портрет өлшемін 70-те 50 сантиметр, жақтау қалыңдығын 5 сантиметр етіп жасауы қажет. Әрі әрқайсының жоғарғы жағына прокурорлардың есімін алтын түсті, латын қарпімен жазуы тиіс. Миллиондар жұмсалатын суреттер қазанның бесі күні дайын болуы шарт. Алайда Түркістан облысы прокуратурасындағылар бұл қаражат түгелдей бұрынғы бас прокурорлардың кескінін бейнелеуге емес, тарихи қаланың көрінісін суреттеуге жұмсалады деді.
«7,5 миллион теңге Түркістан қаласының тарихи көрінісін көрсететін портретті салуға жоспарлаған. Сонымен қатар прокурорлардың портретін салу үшін 1 684 000 теңге қарастырылған. Өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша кескіндемені салуға 2 900 000 теңге, портреттерді салуға 871 100 теңгеге жеңімпаз анықталған», – деді Түркістан облысы прокуратурасының Қаржы және ақпараттандыру басқармасының басшысы Марат Егізбаев.