Президент ерекше қажеттігі бар балаларды қолдауға бағытталған жаңа заң әзірлеуді тапсырды

43

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың мәселесіне тоқталып, аутизмге шалдыққан балаларды оңалту орталықтарын құрып, осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеуді тапсырды.

«Тұрғындарға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарға баспананың қолжетімді болуы – тұрмыс сапасының жақсарғанын білдіретін негізгі көрсеткіш. Былтыр мемлекет осы санаттағы адамдар үшін 21 мыңға жуық пәтер сатып алды. Соңғы екі жылда бірқатар қалада (Семей, Тараз, Кентау, Орал)  ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтары бой көтерді. 2026 жылдың аяғына дейін Ақтөбеде, Атырауда, Көкшетауда, Шымкентте және Талдықорғанда дәл осындай орталықтар ашу қажет. Бұдан бөлек, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру керек. Өкінішке қарай, дүние жүзінде осындай диагнозы бар балалардың саны жылдам өсіп барады. Мұндай жағдай Қазақстанда да бар. Демеушілердің және «Қазақстан халқына» қорының көмегімен осы маңызды жұмыста белгілі бір ілгерілеу бар. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаны жандандыруы қажет. Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе. Сондықтан жыл соңына дейін осындай балаларға жан-жақты қолдау көрсету ісін реттейтін жаңа заң әзірлеу керек» – деді Президент.

фото: istockphoto.com

https://turkystan.kz/article/257257-prezident-erekshe-kazhettigi-bar-balalardy-koldauga-bagyttalgan-zhana-zan-zirleudi-tapsyrdy

Leave A Reply

Your email address will not be published.