Парламент Қазақстан Үкіметінің 2017 жылғы республикалық бюджетті атқаруы туралы есебін қабылдады

1 440

Астанада ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы өтті, онда ҚР Үкіметінің 2017 жылғы республикалық бюджетті атқаруы туралы есебі тыңдалып, қабылданды.

2017 ж. республикалық бюджеттің атқарылуы туралы қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

«2017 жылға арналған республикалық бюджетті атқарудың негізгі мақсаты – экономикалық өсім мен әлеуметтік әл-ауқаттың оң динамикасын сақтау, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасау. Экономика өсімі 4% құрады. ЖІӨ-нің өсіміне сыртқы факторлардан өзге, өнеркәсіптің 7,1%-ке және қызмет көрсету секторының 2,7%-ке өскені ықпал етті. Бюджеттің кірістері 9,7 трлн теңгеге жетті. Оның 48%-і трансферттерге келеді», — деп мәлімдеді Б. Сұлтанов.

Қаржы министрі өткен жылы қабылданған жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы бизнестің тұрақты дамуына, инвестицияларды ынталандыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталғанын атап өтті. Биыл осы өзгерістерді енгізу арқылы кәсіпкерлердің қызметтеріне араласпау және бизнес процестерді цифрландыру есебінен салықтарды жинауды ұлғайту жоспарлануда. Олардың көлемі осы жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 17%-ке жеткізіледі. Әрі қарай 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 25%-ке дейін көтеру шаралары қабылданатын болады.

Сондай-ақ, Бақыт Сұлтанов бюджеттің шығыс бөлігі туралы баяндады.

«Олар 99,8%-ке атқарылып, 11,156 трлн теңгеге игерілді. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Есепті жылы 5,86 млн адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. Оған 1,9 трлн теңге жұмсалды. Ана мен балаға жәрдем көрсету – әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыға 35,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 392,7 мың адамға төленді. Ал, табысы аз отбасылардың 18 жасқа толмаған балаларына берілетін жәрдемақымен 539,6 мың бала қамтылды», — деп атап өтті қаржы министрі.

Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес, мемлекеттік борыш ЖІӨ шаққанда 26% құрады. Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Қазақстан «Мемлекеттік борыш» көрсеткіші бойынша 137 мемлекеттің арасында 11 орында тұр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда рейтинг 6 сатыға жақсарған.

Одан кейін республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ҚР Үкіметінің есебіне қорытындылар туралы айтып, мемлекеттік ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыру және бағдарламалық құжаттарды орындау бойынша ұсыныстар білдірді.

Отырыс барысында депутаттар Премьер-Министр Б. Сағынтаевқа, Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ө. Шөкеевке, ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменовке бірқатар сұрақтар қойды.

Парламент Мәжілісінің депутаты Михаил Чирковтың сауалы бюджет қаражатын игеру тиімділігін арттыруға қатысты болды.

Премьер-Министр өз кезегінде аталған мәселе Үкіметтің есебінде басты болып табылатынын жеткізді. Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі — Үкімет жұмысының басымдығы екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік аудит туралы жуырда қабылданған заңның маңыздылығы айтылды.

«Біз Есептік комитетпен жұмыс істейміз. Парламент аясында алдыңғы жылдары біздің бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін қаншалықты бірдей түсінетініміз жайлы мәселе кеңінен талқыланды. Пікір алмасу кезінде біз бюджетті пайдалану аудитін, тиімділігі принципі ұғымын енгізу қажеттігі туралы тоқтамға келдік. Осылайша, мемлекеттік аудит туралы Заң қабылданды, қазір бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр», — деді сұраққа жауап берген Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен қатар, Премьер-Министр қабылданған мемлекеттік аудит туралы Заң аясында бухгалтерлердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар мен аудиторларды сертификаттау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар қазір басталған.

Сөз соңында Бақытжан Сағынтаев депутаттар корпусына Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін қажетті заңнамалық өзгерістерді  жылдам қабылдауға қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.

«Бүгін Сіздер көтерген мәселелердің, білдірген ескертулеріңіздің мәні өте зор. Біз үшін сіздердің пікірлеріңіз, көзқарастарыңыз аса маңызды, біз оларды Үкіметте міндетті түрде қарастырып, болашақтағы жұмыстарымыздың барысында ескеретін боламыз», — деді Бақытжан Сағынтаев.


primeminister.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.