Парламент депутаттары 1 қыркүйекке дейін каникулға кетті

26

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған Қазақстан парламентінің екінші сессиясының жұмысын аяқтағалы жатқанын мәлімдеді.

“Дәстүр бойынша атқарылған жұмысты қорытындылаймыз, келешекке жоспар құрамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси реформалары парламент жұмысына жаңа бағыт-бағдар берді. Көппартиялы парламент заң шығарушы органның қызметіне тың серпін әкелді. Қоғамның түрлі идеологиялық көзқарастағы әралуан өкілдерінің келуі қабылданатын заңдардың сапасын арттыра түсті. Мұның бәрі – Қазақстан парламентаризмі тарихындағы жаңа кезеңге айналды”, – деді Ерлан Қошанов.

Ерлан Қошановтың сөзінше, өткен сессия “Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет” формуласының тиімдігін іс жүзінде дәлелдеді.

“Билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ететін бұл жүйе пәрменді шешімдер қабылдауға мүмкіндік туғызды. Осының бәрі елімізді одан әрі дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған”, – деді мәжіліс төрағасы.

Президент жариялаған “заң мен тәртіп үстемдігі қағидаты” өткен заң шығару маусымында басты бағдар болды, қоғамның сапалы заңдар қабылдауға деген сұранысын арттыра түсті дейді Ерлан Қошанов.



“Парламент еліміздегі ең өзекті проблемалар бойынша заңнамалық шешімдер шығару және оларды ашық талқылау алаңына айналды. Түйткілді мәселелерді заңдар арқылы шешу негізгі тетік ретінде қалыптасып келеді. Нормативтік құжаттардың мәртебесі мен салмағы артып отыр. Мұның бәрі — пәрменді әрі ықпалды парламент қалыптастыру бағытындағы конституциялық реформаның мән-маңызын айшықтады», – деді мәжіліс төрағасы.

Ерлан Қошанов бұл сессияда парламенттік жұмыс кезеңі толық әрі табысты атқарылғанын айтты.

“Мемлекет басшысының жылдағы Жолдауларын, президенттік сайлауалды бағдарламасын, ұлттық құрылтайда қабылданған шешімдерді іске асыру депутаттық корпус қызметінің негізгі өзегіне айналды. Осыған байланысты екінші сессияның заңнамалық күнтәртібі де мазмұнды болды. Палаталардың 5 бірлескен отырысы, мәжілістің 39 отырысы және сенаттың 43 отырысы өтті. Сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 120-сі қабылданды. Сессия барысында депутаттар бірқатар маңызды заң жобалары бойынша үкіметпен бірлесе жұмыс істеді”, – деп түйіндеді Ерлан Қошанов.

Еске салайық, премьер-министр Олжас Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың сұрақтарына жауап берді. Ол экономиканың 6% өсуіне қол жеткізу жөніндегі шаралар туралы айтты. Бектеновтың айтуынша, қазіргі күрделі геосаяси жағдайға және негізгі сауда серіктестерінің жағдайына қарамастан, үкімет алға қойған міндетіне қол жеткізу үшін бар күш-жігерін салады.

https://stan.kz/parlament-deputattari-1-kirkuyekke-deyin-kanikulga-kett-402520/

Leave A Reply

Your email address will not be published.