Парадзюдодан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында 14 медаль жеңіп алды

129

Астанада парадзюдодан Азия чемпионатының жекелей сайыстары өз мәресіне жетті хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан пара дзюдо федерациясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 елдің 100-ден астам спортшысы  J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша өзара мықтыны анықтады. Жекелей сайыс нәтижесінде Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық медаль кестесінде екінші орынға жайғасты.

Азия чемпионатының жекелей жарыстары бойынша медаль кетесіндегі үздік үштік келесідей:

Өзбекстан – 4 алтын, 6 күміс, 3 қола

Қазақстан – 4 алтын, 4 күміс, 6 қола

Иран –  3 алтын, 2 қола

Қазақстандық пара дзюдошылар  төрт алтын, төрт күміс және алты қола жүлдені жеңіп алды. Атап айтқанда, Даяна Федосова (-57кг, J2), Ерғали Шамей (-73кг, J1), Альфия Тілекқабыл (-57кг, J1) және Жанбота Аманжол (-90 кг, J2) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (-52 кг, J2), Ерлан Конкиев (+90 кг, J2), Бауыржан Арыстанбеков (-90 кг, J1) және Ғалымжан Смағұлұлы (-90 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (-73 кг, J2), Динара Куджулова (-70 кг, J1), Зәуре Айтек (+70 кг, J1), Талғат Ажғалиев (+90 кг, J2), Ерлан Өтепов (+90 кг, J1), Дилором Диханова (-57 кг, J1) қола медаль еншіледі.

«Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын жоспарлағанымыздай сәтті аяқтады. Десе де біз үшін Азия чемпионаты аяқталды деп айтуға әлі ерте. Ертең командалық жарыста  бақ сынаймыз.  Жекелей сайыс бойынша құрама жоспарды толық орындады. Азия чемпионатында жеңімпаз және жүлдегерлер атанған спортшылардың басым бөлігі құрамаға биыл қосылған жас балуандар. Осындай әлемдік дәрежедегі алғашқы жарыстарына қатысты. Олардың кейбіреулері, мысалы Альфия саусағының сынғанына қарамастан күресіп, жанкештілік танытты. 16 жасында Азия чемпионы атанды.

Пара дзюдода осал спортшы деген болмайды. Мұнда татамиге шыққан әрбір балуан ерекше құрметке ие және олардың ерік-жігері бәрімізге үлгі деп ойлаймын», – дейді Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.

Ертең, 30 сәуір Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында Азия чемпионатының командалық жарысы өтеді. Командалық жарысқа ерлер арасында алты, ал әйелдер арасында үш құрама қатысады.

https://turkystan.kz/article/221517-para-dzyudodan-kazakstan-kuramasy-aziya-chempionatynda-14-medal-zhenip-aldy/

Leave A Reply

Your email address will not be published.