Өзге тілдің бәрін біл…

127

Бағдарламалар бастауы

Елімізде тіл саясатына қатысты түрлі бағдарламалар әзірленген. Олардың басты бағыты – қазақ тілінің көсегесін көгерту. Жалпылама айтсақ ана тілді арың етіп, барың етіп, өзге тілдің бәрін білсең де өз тіліңді құрметтеу. Құрметтеуіміз сол – Абайдың тілімен сөйлеп, Мағжанның өлеңін түсініп, Әуезовтың әуенді әңгімесіне құнығу.

Сол бағдарламалардың соңғысы әрі өте маңыздысына тоқталсақ. Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 7, 93-баптарына; «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына; Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы №636 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына; Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың   2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауына және 2017 жылғы  12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласына; Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленген.

Аталмыш бағдарламаны іске асыру, оны жер-жерлерде орындау, әсіресе тақырыпта аталып өткендей түрлі этнос өкілдері көп шоғырланған аймақтарда іске асыру бойынша бірқатар шаралар іске асты. отыз этнос өкілдері біте қайнасқан Қордай ауданында мұндай бағдарламаны сәтті іске асыру үшін біраз күш қажет болды. Бірақ, қолға алынған жұмыс жақсы нәтиже де берген. Сол нәтижеге жыл-жылға тоқтала отырып баяндай кетсек.

Қордай ауданы әкімдігінің 2020 жылғы 5 қазандағы №441 қаулысына сай Жамбыл облысы Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, 2020 жылдың 2 желтоқсанынан бастап өз жұмысын бастады. Мекеме болған соң оған білікті мамандармен бірге мықты материалдық база қажет болды. Бұл да аудан басшылығының қолдауымен іске асты. Нәтижесінде Тілдерді оқыту орталығында заманауи интерактивті тақта, ноутбук, принтер алынып, тыңдаушылар оқу кітаптары, басқа да құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Барлығы 16 штаттық бірлігі бар орталық жұмысын бастап кеткен еді.  Нәтижесінде Қордай ауданы бойынша 2021 жылы 592 тыңдаушы, 2022 жылы 744 жылы тыңдаушы, 2023 жылы 1008 тыңдаушы мемлекеттік тілді үйрену курстарын аяқтап шыққан. Сонымен қатар,  Масаншы, Сортөбе ауылдарының мешіт имамдарына мемлекеттік тілді үйрету бойынша жұмыстар да қолға алынған болатын.

Цифрлар не дейді?

2023 жылдары екі тілді (қазақ, ағылшын) оқыту бойынша 1183 тіл үйренуші оқу курсынан өтіпті. Оның ішінде қазақ тілі бойынша — 1008, ағылшын тілі бойынша – 175 адам тегін оқу курстарына қамтылған.

Мемлекеттік тілді үйренемін деушілерден құралған 79 топ,  1008 тыңдаушы, оқуын аяқтаған. Олардың құрамына жекелей тоқталсақ — 100 мемлекеттік қызметшілер, 419 білім беру саласы, 163 медицина саласы, 11 әскери қызметкерлер, 10 жұмыссыз, 34 білімгер, 42 мешіт имамдары, 15 жекеменшік серіктестіктер, 214 әртүрлі сала қызметкерлері курстан өтіп, қазақ тілін игеруге күш салған. Енді осылардың ішінде ұлттық құрамына тоқталсақ. Мыңдаған тіл үйренушілер ішінде 8 қаракөзіміз бар екен. 249 орыс, 1 украин, 1 неміс, 1 татар, 7 ұйғыр, 6 өзбек,  3 күрді, 696 дүнген, 27 қырғыз, 3 кәріс, 20 түрік, 1 қарақалпақ, 51 әзірбайжан, 1 удмурт. Байқағанымыз, дүнген ағайындар тіл үйренуге мықтап бел буған. Әзірбайжан этносының да бағыты жаман емес. Бірақ, халық саны бойынша ескерсек, әлі де болса аталмыш ағайындар күш салу қажет сияқты.

«Өзге тілдің бәрін біл» деп Қадыр ақын айтпақшы қордайлықтар арасында ағылшынға да құмартып, халықаралық дәрежеде бағы басым тілді игеруге құлық танытқандар қатары да көп болыпты. Мәселен, 2023 жылы ағылшын тілі бойынша 175 тыңдаушы, 14 топ аяқтаған. Оның ішінде 10 мемлекеттік қызметкерлер, 25 білім беру, 12 медицина, 2 мәдениет, 2 әскери сала қызметкерлері, 36 білімгер, 1 мешіт имамы, 20 жекеменшік серіктестік, 57 жұмыссыз, 10 әртүрлі сала қызметкерлері курстан өтіп, өзге тілдің әліпбиін үйренген. Негізі, тіл үйретудегі А1, А2, В1 деп түрлі деңгей бойынша бөлініс арқылы білім алған. Тіл үйренушілерге тілдік орта қалыптастыру мақсатында құрылған қазақ  және  ағылшын тілі тыңдаушыларының «SŐİLE» және «RELAX AND LEARN» клубтарының 12 отырысы өтіп, 112 тіл үйренуші қамтылыпты.

Әр кезең, әр ауыл бойынша сол А1, А2, В1 деңгейлеріне тоқала кетуді де жөн көрдік. Мәселен, 2021 жылы 592 тіл үйренуші болған. Олардың ішінде Сортөбеде А1 деңгейі, яғни қарапайым тіл үйрену бойынша 116 оқушы болса, сол деңгейде Масаншыда 41, Ауқаттыда 13, Қордай ауылында 46 тіл үйренуші болған. 2022 жылы сол А1 деңгейімен Масаншыда 64, Сортөбеде 12, Ауқаттыда 15, Қордайда 97 тіл үренуші білім алған. Осы жылы қосылған Қарасу ауылының 20 тұрғыны бірден орташа деңгей  саналатын А2 тіл үйрену курсын аяқтап шыққан. Жалпысы 744 адам. Ал, 2023 жылы жоғарыда атап өткеніміздей 1008 оқушының ішінде Масаншы ауылында 83, Сортөбеде 10, Сарыбұлақта 14, Қарасуда 80, Бұлар батыр 18, Ауқаттыда 41, Қайнар 36, Степное 13, Қордай ауылы 31 оқушы тіл үйрену курсын А1 деңгейімен өтсе, Қарасайдан 23 оқушы А2 деңгейі бойынша қолына сертификаттарын алыпты.

Сандар солай дейді. Биыл бұл көрсетішкер аса түседі дегенге сенім мол. Осының ішінде күрделі В1 деңгейіне үміткерлер болады деген де үміт бар.

Халықаралық тәжірибе

1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» Заң қабылданды.

Мемлекеттік тіл туралы сөз еткенде өркениетті елдердің бірер тәжірибесіне назар салсақ. 1998 жылғы 24 тамызда Ресей Федерациясы халықтарының тілі туралы заңымен шектелмей, 2005 жылы 25 мамырда Ресей Федерация-сындағы мемлекеттік тіл туралы Заң қабылданды. Қазір кешегі Кеңес Одағына қараған ұлттық республикалардың барлығы дерлік мемлекеттік тіл туралы заңмен жұмыс істеуде.

Францияда алғашқы тіл туралы заңдар осыдан бес ғасыр бұрын 1490 жылы қабылданған. Ал БҰҰ алтыншы ресми және жұмыс тілі, көптеген халықаралық ұйымдардың тілі болып саналатын француздың ресми тілін әлемнің 300 миллионға жуық адамдары қарым-қатынас құралы етеді.

1995 жылы қабылданған Ата заңның 7-бабында «1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылды. Ал 1997 жылы Қазақстан Республикасындағы тiл туралы Заң қабылданды. Әр он жыл сайын тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары қабылданып келеді. Рас, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте түсуге бағытталған іс-шаралар аз жасалынған жоқ. Дей тұрғанымен де, әсіресе аймақтарда осы заңның үстемдік құрып, тілдің дамуына мол мүмкіндік жасау қажет.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деп аталатын 4 баптың үшінші бөлігінде «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.

Ұғыныс пен ұсыныс

Жалпы 2021-2023 жылдар аралығында 2344 тыңдаушы тіл үйренуге құлық танытқан. Бұл 158 626 тұрғыны бар аудан үшін аз-көп екенін оқырман өзі бағамдай жатар. 53 мың дүнген,12 мың орыс,4,1 мың әзірбайжан және 4,7 мың өзге этнос өкілдері қоныстанған аудан үшін үш жылда қамтылған адам саны алдағы жылдары арта түсеріне сенім мол. Өйткені облыстық және аудандық деңгейде бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау жоқ емес.  Елімізде тұңғыш рет қазақ тілін онлайн режимінде тегін үйрететін «Soyle.kz» интернет-порталы, «Tattialma.kz» танымдық балалар әдебиеті сайты, «Abaialemi.kz» тұңғыш энциклопедиялық онлайн порталы, «Qazaqstan 3D» веб-сайты мен мобильді қосымшасы, «Кім білгіш?» атты тұңғыш интеллектуалды мобильді ойыны, смартфондар мен планшеттерге арналған латын әріптерімен қазақша пернетақта «Qazaq Latyn Keyboard», іс қағаздарды, ресми құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты әзірлеу және еркін жаза білуге үйрететін «Resmihat.kz» ақпараттық-анықтамалық порталы қазақ тілін игеремін деушілерге қолжетімді құрал.

Өңірде деректемелер мен көрнекі ақпараттың сауаттылығын қадағалау, тілін реттеу, жүйелеу, олардың заңнама талаптарына сай ресімделіп, орналасуы бойынша үгіт-насихат, құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, одан ары дамыту жолдарын қарастырған да жөн болар.

Тіл – халықтың рухы дейміз. Мемлекеттік тілге деген талапты күшейту, қоғамда қазақ тіліне деген қажеттілік тудыру, арттыру, қазақ тілінің ғылым тілі, білім тілі ретіндегі қызметін күшейту, қазақша мәтіндердің сапасын үнемі қадағалау, тілдік нормалардың бұзылмауын талап ету, құжаттардың мемлекеттік тілде болуын, ресми, іскери қатынаста қазақ тілінің қолданылуын талап ету, мемлекеттік органдардағы қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін талап ету, қазақтілді оқулықтардың сапасын арттыру, жарнама мәтіндерінде, көшедегі жазуларда қазақ тілінің нормалары қатаң сақталуын талап ету әлі де болса көкейтесті мәселе болып отырғаны анық.

Осы орайда бір тілде ұғынысып, сол тілдің мөлдір тұнығын шайқамау, бүлдірмеу біздің ұсыныс.

Leave A Reply

Your email address will not be published.