2026 жылғы 26 ақпанда Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында «Квазимемлекеттік секторларда корпоративтік әдеп және мүдделер қақтығысының алдын алу» тақырыбында түсіндірме жұмыстары өткізілді.

Іс-шараға облысымыздағы мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, сондай-ақ Тараз қаласының мектепке дейінгі ұйым меңгерушілері қатысты.
Жиын барысында квазимемлекеттік сектордағы корпоративтік мәдениетті қалыптастыру, әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысының туындау себептері мен оның алдын алу тетіктері жан-жақты талқыланды.

Алғашқы сөз Қазақстан Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Қайрат Қалабайұлы Ақмырзаевқа берілді. Ол өз баяндамасында адалдық қағидаттарын сақтау, қызметтік этиканы нығайту және алдын алу шараларының маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Нұрлан Рахымұлы Қорғанбай білім беру саласындағы әдеп нормаларын сақтау және құқықтық мәдениетті арттыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

Жиын барысында қатысушылар пікір алмасып, сұрақ-жауап форматында ұсыныстарын білдірді.
Қорытындысында корпоративтік әдепті сақтау мен мүдделер қақтығысының алдын алу – ұйымдардың тұрақты дамуы мен тиімді жұмысының негізі екені атап өтілді. Әрбір қызметкер адалдық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ұстану арқылы ұйым беделін арттыруға үлес қосатыны ерекше айтылды.

Іс-шара мазмұнды диалог алаңына айналып, қатысушылар үшін өзекті ақпараттар мен тәжірибе алмасу мүмкіндігін ұсынды.