Түркістан облысы Өзбекстанмен туризм және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты және етті мал шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында көрші елдің бірқатар облысымен өңіраралық өзара іс-қимылды кеңейтіп жатыр.
Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысында мәлімдеді.
«Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысы аясында біз екі елдің өңірлері арасындағы қарым-қатынасты нығайттық. Қазіргі таңда Түркістан облысы Ташкент облысымен белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Сонымен қатар біз туризмді дамыту мақсатында Самарқанд облысымен, Бұхара және Хиуа аймақтарымен келісімдер жасадық және байланыс орнаттық. Түркістан қаласындағы туристік компаниялар мен қонақүйлердің өкілдерімен бірге Хиуа, Бұхара және Самарқанд қалаларына іссапармен барып қайттық. Екіжақты туристік пакеттер әзірленді. Қазір туристер ағынын арттыру бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде өңірімізге 1,5 млн турист келді», — деді Түркістан облысының әкімі.