Бүгінде Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері арасында достық байланыс нығайып отыр. Сонымен қатар, бауырлас халықтар мәдени, рухани жағынан да өзара ықпалдастықта өмір сүріп келеді.
Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында Өзбекстан Республикасының Жизақ облысынан келген құрметті қонақтардың қатысуымен Тараз қаласындағы орталық көрме залында «Шеберлер қалашығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі өтті. Аталған көрмеге ағаш, металл, қыш бұйымдарынан жасалған өзбек қолөнер шеберлерінің туындылары қойылды.
Көрменің салтанатты ашылуы барысында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбәйра Сембина алыстан ат терлетіп келген өнер иелеріне деген алғысын білдірді. Сонымен қатар, арнайы әзірленген Алғыс хаттар мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың болмысы бейнеленген кілемшені ала шапанды ағайындарға сыйға тартты. Сондай-ақ, Жамбыл облысы бойынша «Өзбек» этномәдени орталығының президенті Бахром Муминов бүгінгі шара екі ел татулығының көрінісі екенін айтып өтті. Ал «Шеберлер қалашығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесіне өзбек елінен арнайы келген миниатюра, кескіндеме өнерінің шебері Шахло Рахматова, ағаш шебері Бунеджон Зоиржонов, зергер Уткир Қудратов сынды танымал азаматтар мен Жамбыл өңірінің қолөнер шеберлері арасында тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.
Көрмеге қойылған әшекейлі бағалы жүзіктер, ағаш бұйымдарынан жасалған құнды жәдігерлер, күнделікті тұрмыста пайдаланатын ыдыстар, тарихи кезеңдерді, табиғат көріністерін бейнелеген әсем картиналар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Келушілер өзбек халқының өнерімен жақын танысып, пікір алмасты. Сонымен қатар, аталған шара барысында алдағы уақытта екі елдің қолөнершілерінің мәдени қарым-қатынасын нығайту мақсатында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев пен Жизақ облыстық өнерпаздар басқармасының басшысы Маратжон Маматқұлов екіжақты меморандумға қол қойды.