Қазақстанда жаңа Құрылтайдың депутаттары қалай жазалатыны белгілі болды.
Тиісті нормалар «Қазақстан Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасына енгізілген. Құрылтай – Қазақстанда парламенттің орнына келетін жаңа жоғары өкілді орган.
Заң жобасына сәйкес, депутаттарға өзге ақылы қызметтерді атқаруға (оқытушылық, ғылыми және шығармашылық қызметтен басқа), кәсіпкерлікпен айналысуға, сондай-ақ коммерциялық ұйымдардың басқару органдарына кіруге тыйым салынады.
Тәртіп бұзған депутаттарға:
- дәлелді себепсіз отырыстарды үш реттен артық өткізіп алған жағдайда – болмаған күндері үшін жалақы төленбейді;
- дауыс беру құқығын басқаға бергені үшін – сол күнгі жалақыдан айырылады, қайталанса – бір айлық жалақыдан қағылады.
- Депутаттық әдеп нормаларын бұзғаны үшін (қорлау, жала жабу, зорлық-зомбылыққа шақыру, жұмысқа кедергі келтіру) – ескерту жасап, көпшілік алдында кешірім сұратудан бастап, отырыс залынан шығару және бір күндік жалақыдан айыруға дейінгі шаралар қолданылады.
Шешімді Құрылтай төрағасы жанындағы депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қабылдайды.
Жаңа заң жобасына сәйкес депутаттардың өкілеттіктеріне: заң қабылдау, соғыс және бейбітшілік мәселелерін шешу, вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерін тағайындауға келісім беру, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау, сондай-ақ үкіметке сенімсіздік вотумын білдіру құқықтары кіреді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда депутаттарға мінберді жеке мәселелер үшін қолдануға тыйым салынатыны туралы жазған едік.