ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ,- ДЕЙДІ МӘДІМАРЛЫҚ ДИХАН РАХЫМБЕК КӘРІБАЕВ

260

 

Мәдімар ауылында тұратын Рахымбек жастайынан еңбекке жақын болып өсті. Шаруашылықта механизатор болып еңбек еткен ағасы Рысбектің қасында жүріп техниканың тілін үйрене бастағанда ол әлі мектеп қабырғасында болатын. 7-8 сыныпта оқып жүргенде-ақ трактор айдап, комбайн жүргізе білді. Міне оның бойына техникаға деген қызығушылық осылай туған еді.
Мектепті бітіргеннен кейін 5 жыл Оңтүстік әскери қолбасшылығында жүргізуші болып еңбек жолын бастады. Әскери басшылардың алғысына бөленген Рахымбек ауылды аңсап, ауылда мал, егін шаруашылығымен айналысуға белді бекем буды. Оның бұл ойын ағасы Рысбекте қолдай кетті. Сөйтіп, ол 2005 жылы ауылда 5 гектар жерге арпа, 10 гектар жерге мақсары егіп, алғашқы жылдың өзінде жақсы өнімге қол жеткізді. Міне осылай басталған жұмыс келе-келе ұлғайып, бүгінде ол аудан ғана емес облыс көлеміне танымал дихандардың біріне айналды.
2016 жылы ашылған «Рахымбек» шаруа қожалығы бүгінде мал және егін саласымен қатар айналысып келеді. Қожалықта 370 бас асыл тұқымды, 130 бас аралас қой өсірілуде. Малды қыстан аман алып шығу үшін қора-жайды күні-бұрын дайындап, қыстау басына 8000 тонна табиғи шөп, 5 тонна арпа дайындап қойған. Малшысы Жасұзақ Шатқалбаев мал бағуда мол тәжірибе жинақтаған жан. Ол қасындағы жас малшыларға ақыл-кеңесін айтып, олардың жұмыстарын қадағалап отырады.
-Біз осыдан 2-3 жыл бұрын тоқтыларды бордақылап,  Меркі ет комбинатына өткізетін едік. Ал қазір қойларымыздың басым бөлігі асыл тұқымды болғандықтан басқа төлдерді де асылдандыруды ойластырып отырмыз. Жемшөпті өзіміз дайындадық. 3 трактор, 2 комбайн, 2 сеялка басқада мал, егін саласына қажетті техникаларымыз бар,-дейді Рахымбек.
Қожалықта 2010 гектар жер бар. Оның 240 гектары суармалы жер. Ондағы 20 гектарға жоңышқа, 120 гектарға  күздік бидай егіліп қойылған. Рахымбектен биылғы жылғы қол жеткізген жетістіктері туралы сұраған едік.
-Биылғы жылы 20 га жоңышқалықтан өзімізге қажетті өнім алдық. Ал 45 гектар арпа мен 300 гектар мақсарының әр гектарынан 10 центнерден өнім жинадық. Мақсарыдан алынған өнім облыс көлемінде ең жоғарғы көрсеткіш болды. Биылғы жылғы ерте көктемде жиілете жауған жаңбырдың пайдасы көп тиді. Ал егін суы бізге су келетін Сеңкібай каналын жөндеуге байланысты уақытылы келмеді. Ауыл маңайындағы 10 шағын  көлдің ыза суының да пайдасын көруші едік. Өкінішке орай аталған көлдерде 2-3 жыл болды тартылып қалды.  Сол көлдерді бір толтырып алсақ, өнім биылғыдан да мол болар еді,- деп Рахымбек өз ойын жеткізді. Әңгіме арасында ауылда жұмысшы, механизаторлардың  жетіспейтінін де айтып қалды. Осыдан 2-3 жыл бұрын жұмысшыларды Өзбекстаннан әкелгенінде білдік. Олар өте еңбекқор болғанында Рахымбек айтып отыр. Алдағы жылдары оларды қайтадан ауылға шақырмақшы екен.
Биылғы мақсарыдан алған мол өнімнің арқасында «Рақымбек» шаруа қожалығы облыстағы егін саласы бойынша жылдың қорытындысында екінші орынды иеленіп, арнайы грамота, бағалы сыйлыққа қол жеткізді.
Кейінгі жылдардағы еліміздегі астық, азық түлік бағаларының қымбаттауы Рахымбекті де ойландырмай қоймады. Әсіресе көктем шыға қымбатшылықтың еселеп артатыны да жасырын емес. Сондықтанда алынған өнімді қоймаларда сақтау қажеттігі туындап отыр. Рахымбек бұған дейін 300 шаршы метр жердегі 1500 тонналық астық қоймасын пайдаланып келген. Ал 2016 жылы өзі 1000 тонналық астық қоймасын жаңадан соғып, онда арпа, бидай, мақсарысын сақтауда.
2022 жылды табысты қорытындылап отырған мәдімарлық «Рахымбек» шаруа қожалығының жетекшісі Кәрібаев Рахымбек Бәйденұлы мал және  егін шаруашылығымен қатар айналысып келе жатқан еңбекқор жан. Ол өз шаруашылығында 5 адамды тұрақты, ал науқан кездерінде 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған ілкімді азамат. Ал оның бүгінгі атқарып отырған жүйелі жұмыстары жастарға үлгі болуы тиіс.

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Мәдімар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.