Отандық өнім өндірушілерге үлкен қолдау

71

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа арнаған кезекті Жолдауын жариялады. Расында, бұл құнды құжатта еліміздің алдағы бағыт-бағдары айқындалды. Ең әуелі Президент мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғау керегін баса айтты.

«Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті. Бұл – біздің экономикамыз өзгелер үшін жабық деген сөз емес. Экономикамыз басқа елдерге әрдайым ашық болуға тиіс. Бірақ ұлттық бизнестің мүддесін қорғау керек» , – деген Президенттің сөзі еліміздегі шағын және орта бизнеске зор серпін берері сөзсіз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскерімізді жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен жабықтау мәселесіне ерекше тоқталды. Бүгінде әлемдегі геосаяси ахуал ушығып тұрғаны белгілі.  Ал бұдан еліміздің айналып өтуі үшін әскеріміздің әлеуетін арттырғанымыз аса маңызды. Осыны жете түсінген Президент « Тағы бір маңызды мәселе – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Бұл сала дамыған елдердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде басты рөл атқарады. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет.

Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.

Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек», – деп жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Жолдауда білім саласының сапасын арттыру, жасөспірімдерге жасалатын қылмыстарға қарсы жазаны күшейту, кен орындарын игеру сынды өзекті мәселелер де тыс қалмады. Егер құнды құжатта айтылған бастамалардың барлығы оң шешімін тапса, еліміз экономикалық өрістеуге қарышты қадам жасамақ.

Малтабар Жаманбаев,

ардагер

Leave A Reply

Your email address will not be published.