Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ядролық технологиялар паркі» АҚ ғалымдары жаңа өнертабыстарына патент алды және оны өндіріске енгізді. Әмбебап радиациялық тігілген гидроель топырақтағы ылғал жетіспеушілігі мәселесін шешумен қатар ауылшаруашылық дақылдардың өнімділігін арттырады және топырақтың аэрациясын химиялық ластану қаупіне жол бермей жақсартады. 2023 жылы 500 тонна гидрогельді нарыққа ұсыну жоспарланған.
ЕҰУ ғалымдары агроөнеркәсіптік салаға арналған бірегей гидрогель жасады. Жаңа препарат ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығын 2 есеге, өнімділігін орта есеппен төрттен бір есеге арттырады. Гидрогельді апробациялау жұмыстары Ақмола облысының аумағындағы егістіктерде жүргізілді. Сынақтардың нәтижесі әмбебап препараттың топырақ ылғалдылығын сақтауға, өнімді өсімдіктерді қалыптастыруға, тыңайтқыштар көлемін азайтуға және өнімділікті арттыруға көмектесетінін көрсетті.
«Көктемгі-күзгі маусымда зығыр мен күнбағыс егу барысында біздің жаңа препаратты қолданып, зығыр өнімділігі 38,4 пайызға, күнбағыс 25,9 пайызға артқанын байқадық. Жаңа суперабсорбент сынақтары өнімді ылғалдың 20-30 пайызға көп жиналуын, өсімдіктердің өсуі 13-27 пайызға ұлғаюын, өсімдіктердің вегетациялық даму кезеңінің 5-7 күнге ұзаруын, өсімдіктердің өнімді жайылуы 25-31 пайызға ұлғаюын көрсетті. Гидрогельдің бірегейлігі – оның сорбциялық сыйымдылығы. 1 грамм суперабсорбент 300 грамм суды сақтай алады», – деп атап өтті «Л.Гумилев атындағы ЕҰУ» КеАҚ жанындағы «Ядролық технологиялар паркі» АҚ басқарма төрағасы Александр Борисенко.
ЕҰУ ғалымдары жаңа технологияны коммерцияландырды және өндіріске енгізді. Өткен жылы жеке серіктеспен гидрогельдерді өндіру және сатумен айналысатын бірлескен BetaSorb кәсіпорны құрылды. 2023 жылы 500 тонна гидрогельді нарыққа ұсыну жоспарланған.
ЕҰУ ғалымдарының инновациялық препаратты құру идеясы радиациялық тігу әдісіне негізделген. Өңдеудің мұндай түрі гидрогельдің стерильдігін және тұрақтылығын қамтамасыз етіп, мұздату мен жібітудің бірнеше циклі кезінде оның қасиеттерін сақтауға жол ашады. Препарат пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін ыдырайды, сонымен қатар ол тыңайтқыштың әсерін арттыру мүмкіндігіне ие.
Айта кету керек, ЕҰУ ғалымдарының бұл жобасы Азиядағы Ядролық ынтымақтастық форумында (FNCA) ұсынылған және FNCA жыл сыйлығымен марапатталған.
Яна Рахманова,
Л. Гумилев атындағы
ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің студенті