Тоқаевтың сөзінше, Назарбаев пен Путин бұрыннан келе жатқан достар. Сол себепті ортақ әңгімелері бар шығар дейді.
“Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек. Ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен саяси байланысы тығыз екенін жеткізді.
“Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды”, – деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін 14 желтоқсанда Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу өткізген еді.