Онлайн түрде қате аударылған міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдарды қайтаруға өтінім беруге болады

112

Мемлекеттік корпорация сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Пилоттық жоба негізінде азаматтарға ыңғайлы болу үшін электрондық үкімет порталы арқылы артық (қате) төленген әлеуметтік аударымдарды және міндетті зейнетақы жарналарының қате есептелген сомаларын қайтару бойынша сервис іске қосылды.
Жаңа жоба қызмет алушылар үшін қате аударылған қаражатты қайтару жолын жеңілдетіп қана қоймай, Мемлекеттік корпорация қызметкерлеріне жүктемені айтарлықтай азайтатынын атап өтеміз. Өтінім беру үшін жұмыс берушіге электрондық үкімет порталындағы деректерді толтыру қажет. Сондай-ақ, төлеушінің деректемелерін және оның төлем тапсырмасының деректерін көрсету қажет. Айта кетейік, қате аударылған әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын қайтару, жүктілік және 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлемдерінің дұрыс есептелуі мен тағайындалуы үшін қажет.
«Бұған дейін жұмыс берушілер Мемлекеттік корпорацияға келіп, ақшалай қаражатты қайтару туралы өтінішті қағаз күйінде тапсыратын. Одан бөлек өтініштер пошта қызметі арқылы жіберіліп, оларды жеткізу ұзақ уақытты талап ететін. Біз азаматтардың қолайлығы үшін eGov.kz порталында осы сервисті іске қостық. Енді жұмыс берушілер мен төлеушілер, өтінішті онлайн жіберіп, уақыттарын едәуір үнемдей алады. Сондай-ақ, жаңа сервистің арқасында қызмет көрсету мерзімі 15 күннен 12 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Сонымен қатар, өтініш берушілер өтінішінің қаралу дәрежесін бақылай алады», — деп атап өтті, Мемлекеттік корпорацияның Басқарма төрағасының орынбасары Асхат Ибраев.
Айта кетейік, бұл сервис ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында бірлесіп жасалған бұйрық нәтижесінде іске асырылды.
Аталмыш инновацияны жүзеге асыру «Азаматтарға арналған үкімет «Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп атқарылған қызметінің нәтижесінде мүмкін болды. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ұйымдар Екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы әлеуметтік төлемдер туралы ақпарат алу бойынша сервисті іске қосқан болатын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.