Өңірде судья және сот қызметкері күні аталып өтті

142

24 маусым – Судья және сот қызметкері күніне орай салтанатты жиын өтіп, сала ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, сондай-ақ құзырлы орган басшылары қатысты.

Салтанатты жиында сөз алған Ербол Қарашөкеев адам құқықтары мен бостандықтарын жоғары санатты және әділ сот қана сенімді қорғай алатынын атап өтті. Бұл орайда сала ардагерлерінің табысты еңбегін сабақтастырып, адалдық, туралық, заңдылық қағидаттарын басты назарда ұстау маңызды.

Облыс әкімі жергілікті билік пен соттың тығыз қарым-қатынаста болуының маңыздылығына тоқтала келе, бұл халықтың сот жүйесіне деген сенімінің артуына мүмкіндік беретінін ескерді.

Мерекелік шара барысында Ербол Қарашөкеев қызметтеріне жауапкершілікпен қарап, әділдік пен адалдықты ту еткен сала мамандарына алғыс білдірді. Ұзақ жыл бойы жемісті еңбек етіп, мінсіз қызмет атқарғандарға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тағып, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

Сондай-ақ Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжанов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Сот әкімшілігінің Жамбыл облысы бойынша департамент басшысы Берік Құлтасов және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов құттықтау сөз сөйлеп, судьялар мен сот қызметкерлеріне мерекелік марапаттарын ұсынды.

Бұдан бөлек, мерекелік шарада мемлекеттік қызметке жаңадан орналасқан мамандардың ант беру рәсімі өтті. Сонымен бірге сот жүйесінің ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, ықылас гүлдері табысталды.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнер майталмандары патриоттық әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала биледі.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.