Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп, отансүйгіштік тұрғысында оралымды ой тастаған болатын. Мемлекет басшысы мақтаныш сезімін маздатып қана қоймай, маңызды мәселелерге де мән берген-ді. Осы бағытта Әулиеата өңірінде де жүйелі жоспар жасалып, ауқымды істер қолға алынды. Соның бір дәлелі – мектеп оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығының дайындалуы. Алдағы жаңа оқу жылынан бастап 5, 6, 7-сыныптар туған өлкенің тынысымен тереңірек танысып, оның тарихы, табиғаты, тұлғалары туралы қосымша дәріс тыңдайтын болады.
Оқулық 20 сағатқа арналған. Соның ішінде 5-сыныпқа 5, 6-сыныпқа 7, 7-сыныпқа 8 сағат жүргізіледі. Мазмұны жас ұрпақ бойында туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын тарихи-мәдени, географиялық, эстетикалық, филологиялық білімдерін сіңіруге бағытталып, кіндік қаны тамған, өскен жерін аялап, қастерлеуге тәрбиелейді. Оқушылардың Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география, музыка сабақтарында алған білімдері мен дағдыларын тереңдетуге ықпал етеді.
– «Өлкетану» оқулығының жобасы облыс әкімдігінің жанынан құрылған редакциялық алқада, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің пәндік және эксперттік комиссияларында, авторлық жұмысшы тобының отырыстарында қаралып, талқыланды. Бағдарламасы былтырғы 10 тамызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Өлкетану» курсы оқулығын әзірлеуге арналған әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жазылды. Алдын ала электронды нұсқасы өткен наурыз айынан бастап облыстық білім басқармасының сайтында орналастырылып, пікірлер жинақталды. Айта кету керек, деректерді жинақтаған жауапты мамандар көп ізденді, еңбектенді, тер төкті. Келтірілген мәліметтердің кейбірінде тарихпен сәйкес келмейтін тұстары да кездесті. Сондықтан да барынша тереңірек зерделенді. Бұл оқулық 5 жыл оқытуға негізделіп отыр. Жас білімпаздарға жол тартқан алғашқы шығарылымға сәттілік тілейміз, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы бастығының орынбасары Жәмила Бекбатырова.
Редакциялық алқа құрамының белді мүшесі, белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжан бұл еңбектің өскелең ұрпақ үшін берері мол екенін айтып отыр.
– Балаларға арналғандықтан да оқулықты жазу, онда деректерді беру әдісі бөлек. Сондықтан, мұндай ғылыми негіздегі оқулықты жазушы, журналистің жаза алмайтынына көзім жетті. Біз кеңесшілер құрамы әрқайсысымыз әр саланың маманы ретінде өзіміз білген мәліметтермен бөлісіп, ой-пікірімізді қостық. Оның ішінде керегі жазылды, біразы алынып тасталды. Ең бастысы – өмірдің қыр-сырын енді танып келе жатқан балғындарға жақсы ой түйгізе алардай ілім беру, өзінің туып-өскен өлкесінің қадірін ұғындырып, соған деген жанашырлық сезімін оята алу. Егер осы оқулықты оқыған балалар елінің нағыз жанашыры, болашақта халқының игілігіне мүдделі азамат болып шықса, міне, мақсатқа жеткеніміз сол болмақ, – дейді қаламгер.
Кітаптың 5-сыныптарға арналған 1-бөлімі «Туған өлкенің аңыз-ертегілері», «Біздің айналамыздағы тарихи ескерткіштер», билер, батырлар мен палуандар жөнінде «Өңірдің тарихи тұлғалары», «Жәдігерлер сыр шертеді», «Туған өлке симфониясы» атты тараулардан тұрады. Ал, 6-сыныптарға арналған 2-бөлімі «Топонимдер – өткен заманның куәгерлері», «Мәдени-тарихи дәстүрді сақтаушылар: өлкенің ұлттық қолөнері», «Бір ел – бір тағдыр», «Туған өлке тарихының тірі куәгерлері», «Менің туған өлкем өлеңдер мен прозада», «Өлкені сипаттау өнері», «Туған жердің таланттары» атты тарауларды қамтыпты. Сондай-ақ, 7-сыныптарға арналған 3-бөлімі «Туристік маршруттар», «Жомарт жүрек», «Туған өлкенің жылнамасы», «Менің мектебімнің тарихы», «Туған өлке публицистика беттерінде», «Менің туған өлкем» электронды энциклопедиясы, «Туған өлкенің флорасы мен фаунасы», «Менің өлкемнің визит карточкасы: өлкетанудың деректер базасын әзірлеу» сияқты тараулармен ерекшеленеді.
Кез келген оқырманға түсінікті, қарапайым тілмен жазылған жаңа оқулықта оқушылардың ізденуіне көп мүмкіншілік қарастырылған. Арнайы пән ретінде емес, вариативті түрде оқытылатын оқулық «Алматыкітап» баспасынан басылып шығарылған.
Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, жас өскіннің бойына ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы қалыптастыруда, бәсекелік қабілетке бейімдеп, прагматизді арттыруда жаңа оқулықтың үлесі мол боларына сенеміз.