Облыстың агрокешеніне тартылатын инвестиция көлемін 2,3 есе арттыру жоспарлануда

499

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың картасы талқыланды.

Жиында облыс әкімдігі ауылшаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев баяндама жасап, карта жобасымен таныстырды.

Басқарма басшысы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттары ретінде егістік алқаптарды ұлғайту, тұқым шаруашылығы, минералды тыңайтқыштарды пайдалану, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секілді жұмыстарды негізге алған.

Сондай-ақ, қант қызылшасын өсіруді дамыту, суармалы жерлерді ұлғайту және қалпына келтіру, майлы дақылдар, бау-бақшалар және жылыжайлар көлемін арттыру секілді шараларды да назардан тыс қалдырмаған.

Жоспар бойынша 2022 жылға дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен еңбек өнімділігін 2,5 есе, инвестиция көлемін 2,3 есе арттыру, суармалы егістік жер көлемін 2021 жылға дейін 197 мың гектарға жеткізу көзделуде.

Асқар Исабекұлы облыс табиғатының қолайлылығы мен топырақ құнарлығын ескеріп алма бағын арттыруды, ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің жерге деген сұранысын толығымен қанағаттандыруды, игерілмей жатқан жерлерді анықтауға ауылдық округ әкімдері мен жергілікті мамандарды барынша тартуды, жерлердің шын мәнінде қай деңгейде игеріліп жатқандығын қадағалау керектігін баса айтты.

2019 жылдың егін жоспарын уақыт оздырмай жүйелеуді тапсырған өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың картасын қайта нақтылауды жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.