Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актёрлары сотталғандар үшін қойылым көрсетілді.
Жазасын өтеушілерге қоғамдық маңызы жоғары мәселелер айналасында өрбитін сюжетке құралған қойылымды ұсынған театр ұжымы оларға өмір ұғымының аясы өте ауқымды екенін жеткізді. Бүгінгі таңда теріс жолға тартатын түрлі топтардың ықпалы салдарынан кейбір адамдар өмірдің шынайы мәні мен қызығын ұғына алмай, бір жақты түсінеді. Әрине мұндай түсінік адам өмірінің мүмкіндіктерін шектейді.
Себебі қазіргі заманда кейбір азаматтарды өз қажеттілігіне пайдаланып, «қолшоқпар» еткісі келетіндер көп. Солардың кесірінен азаматтар тура жолдан адасып, темір торға тоғытылып жатқаны бізге мәлім. Бас бостандығынан айырылған сотталғандар үшін аталмыш бағыттағы қойылым оң әсерін тигізгені сөзсіз. Айта кететініміз, театр актёрлары өз рөлдерін бар жан-тәнімен ойнап, көрермендердің шын ықыласына бөленді. Аталмыш іс-шара жоғары деңгейде өтіп, сотталғандар мен мекеме басшылығы облыстық театр ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.