Бүгін Т.Рысқұлов ауданына Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы Махметғали Сарыбеков жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында Махметғали Нұрғалиұлы аудан әкімі Е.Садырқұловпен бірге Құмарық ауылының ауыз су жүйесінің және су шығару ғимаратының құрылысын салу жұмысымен танысып, нысанның мүмкіншілігімен етене танысты.
Мұнан соң «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылы «Арай» алқабынан 5 қабатты 80-пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс нысанын аралап көрді. Бүгінде құрылыс барысында жұмыс қарқынды екенін, аталмыш үйдің құрылысы тамыз айында аяқталады деп күтілуде екенін аудан басшысы атап өтті. Айта кетерлігі, тұрғын үй алқабында 5 қабатты 80 пәтерлі екінші үйдің құрылыс жұмыстары да басталды.
Жұмыс жоспарына сәйкес мәслихат хатшысы «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының Т.Рысқұлов атындағы аудандық орталық ауруханасының жұмысымен танысып, жай-күйін қарап, аурухана ұжымымен кездесті. Бас дәрігер өз сөзінде аудандағы атқарылған жұмыстарды баяндай отырып, бүгінгі күнде орталық аурухананың керек-жарақтар, қондырғылармен қамтылуы 92 пайызды көрсетіп отырғанын, қоймада тұрғындарға тегін таратылатын 44 түрлі және коронавирус инфекциясына қарсы дәрі-дәрмектің 2 айлық қоры тұрақты сақтаулы екенін атап кетті.
Мұнан соң Махметғали Нұрғалиұлы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы бойынша шақырылған аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесу өткізді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен басқосуды Ерболат Салқынбекұлы ашып, аудан көлемінде байламын таппай жүрген бірқатар мәселені хатшының алдына ұсынды.
– Биыл аудандағы жолдардың сапасын жақсарту мақсатында Қайыңды ауылына кіреберіс автожолдарының 5,12 шақырым болатын жөндеу жұмыстарын және жалпы ұзындығы 22,2 шақырым 26 көшені жөндеу жоспарымызда бар.
Сондай-ақ, Сөгеті, Шөнгер, Мамай ауылдарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2021 жылы жоспарланған. Алайда 3 ауылға мембраналық қондырғы орнатуға ұсынылған құжаттар қолдау таппады.
2021 жылы газ тарату құбырының құрылысына Шолақ қайыңды ауылы жоспарланған. Мемлекеттік сараптаманың кешігуіне байланысты орындалмау қаупі бар. Осы жағдайларға республика көлемінде талқыға салуыңызды сұраймын. Бұдан бөлек, білім саласын жетілдіру мақсатында 2021 жылға Құлан ауылындағы Құлан мектеп-гимназиясы және Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, сараптаманың 2021 жылдың сәуір айында дайын болуына байланысты облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім кеш тапсырылды. «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыру» бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 1-6 жас аралығындағы қамту үлесі бүгінгі таңға 88,6%, облыстық көрсеткіш 91,4% құрайды. 3-6 жас аралығы мен 1-6 жас аралығының қамтыу үлесінің қателікпен ауысып кетуіне байланысты жоспарланған көрсеткіш 100 %.
Бұл кемшіліктердің орын алуының басты себебі ұсынылған бюджеттік өтінімдер қолдау таппады. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы 2020 жылғы қараша айында бекітілді. Ол кезде республикалық және облыстық бюджет бекітілмеген болатын, яғни нақты қандай жобалар қолдау табатыны белгісіз болды – деген аудан басшысы ағымдағы жылы жүргізілетін құрылыс жұмыстарымен хатшыны таныстырды.
Сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты Айнұр Баймұратова оқушылар мен жастарға мектептен тыс қосымша білім беретін оқу-әдістемелік орталық яғни оқушылар сарайы салынса екен, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов Ұлы Отан соғысына дейін және соғыс кезінде өмірге келген азаматтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе екен деген тілек білдірді.
Жиында сөз алған Махметғали Сарыбеков аудан тарапынан көтерілген сауалдарды түртіп алғанын, шешілу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
– Халық қажетін өтеу – ортақ міндет. Кордаланған сауалдар өте орынды. Зерделеу жұмыстарын ұйымдастыратын боламыз. Сондай-ақ халық қалаулыларын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында жұртшылықпен етене байланыс орнатып, әлеуметтік желіде белсенділік танытуға, халықты шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, олардың талап-тілегіне жедел жауап қатуға шақырамын, – деп жиынды қорытындылады.
Мәслихат хатшысының ауданға сапары барысында аудандық мәслихат хатшысы Ербол Абуталипов, тиісті ауылдық округ әкімдері мен сала басшылары бірге жүрді.