Облыста 33 балабақша, 37 мектеп және 5 колледж алғашқы аттестаттаудан өтпеген

126
Ағымдағы жылы өңірдегі 33 балабақша, 37 мектеп және 5 колледждің қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келмеуіне байланысты алғашқы аттестаттаудан өтпеген. Ал қазан-қараша айларында 9 мектепке мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз-брифингі барысында облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дамеш Ускумбаева айтты. Оның сөзінше, жыл басынан бері 88 білім беру ұйымдарында аттестациялау жұмыстары жүргізілген.
— Бүгінгі таңда өңірімізде 444 мемлекеттік және 32 жекеменшік балабақша бар. Ондағы бала саны – 8 777 бүлдіршінді құрайды. Ал облыста 343 типтік, 101 ыңғайластырылған мектеп бар. Жыл басынан бері 88 білім беру ұйымдарында аттестациялау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, 43 балабақшаға, 40 мектепке және 5 колледжге мемлекеттік аттестаттау жүргізілді. Нәтижесінде, 33 балабақша, 37 мектеп және 5 колледждің қызметі мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес келмеуіне байланысты алғашқы аттестаттаудан өтпеді. Ал қазан-қараша айларында 9 мектепке мемлекеттік аттестаттау жүргізіліп, бірқатар кемшіліктер анықталды, — деді Дамеш Шайхықызы.
❗️Бұдан бөлек, спикер Оқу-ағарту министрлігінің тапсырмасына сай бүгінгі күні облыстық білім басқармасына қарасты бөлімдер мен жалпы орта білім беру ұйымдарына мектепішілік бақылау және «Оқуға құштар мектеп» жобасының іске асырылуы деңгейіне мониторинг жүргізіліп жатқанын атап өтті. Айта кететін бір жайт, облыстағы білім беру ұйымдарына 169 педагог конкурссыз жұмысқа қабылданса, 31 педагогты қабылдау кезінде конкурс ережелері сақталмағаны анықталып отыр. Жалпы, облыстың білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне түскен 12 шағым негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, оның қорытындысына сәйкес 10 әкімшілік іс қозғалған. Осылайша, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409 және 464-баптарына сай 2 заңды және 8 лауазымды тұлғаға 220 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.