Облыс әкімі Жуалы ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысты

165

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың жағдайымен танысты.

Алдымен аймақ басшысы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған елді мекеніндегі №7 Т.Әкімов атындағы орта мектебіне ат басын бұрды. Оқу ошағының сыныптарын аралап, оқушыларды әңгімеге тартты.

1989 жылы іргесі қаланған мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.

Облыс әкімі мектептің шатырын ауыстыру, қазандығын, жылу жүйелерін жөндеу және газға көшіру мәселесіне басымдық беріп, ол бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Нысанды толық күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де назарға алынатынын жеткізді.

Сондай-ақ, мұнда аудан әкімі Жалғас Мұртаза әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін көгілдір отынға ауыстыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Ауданда барлығы 46 әлеуметтік нысан болса,  оның 13-і газбен жылытылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Бұдан соң Нұржан Нұржігітов аталған елді мекендегі бүгінде бос тұрған ескі «Универмаг» ғимаратының жай-күйімен танысты. Аудан басшылығы ауылдықтардың сұрауы бойынша бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізе отырып, спорт зал ретінде ынғайластыруға ниетті. Ол үшін ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған.

Мұнда облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес округтерде қолға алынған және жоспарлы жобалар туралы хабарланды.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ауыл ақсақалының өтінішімен Тасбастау елді мекеніндегі басты көшелерінің бірінің жағдайымен танысты. Ұзақ жылдан бері жөндеу көрмеген көше ауыз су құбырларын жүргізу барысында тіпті нашар күйге түскен. Осыған назар аударған облыс әкімі жолды жөндеуден өткізу үшін жоспарлы жұмыстар қатарына енетінін жеткізді. Ол үшін аудан басшылығына құжаттама жұмыстарын жеделдету тапсырылды.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов тұрғындардың тұрмыстық табысын жақсарту жобасы бойынша құрылған «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік коперативінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, бүгінде жоба аясында құрылым 18 техникамен қамтылған. Бірінші бағыт бойынша жобаға 500-ден астам адам қатысып, үй іргесіндегі жерін тиімді игеруге ниет танытса, 200-ге жуық азамат мал санын арттыруды жоспарлап отыр. Олардың бірқатарының құжаттары мақұлданып, қаржыландырыла бастаған.

Облыс әкімі бұл тұрғыдағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің артуы мен тұрмыстық табыстың жақсаруына бағытталуы керектігін баса айтты.

Жамбыл облысының әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.