Облыс әкімі тараздықтардың талап-тілегін тыңдады

152
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №5-ші аумақтық округінің тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.

Айта кетейік, бұған дейін облыс бойынша түрлі деңгейдегі әкімдердің 980-нен астам халықпен кездесулері өтсе, оның 29-ы облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.

№36 орта мектебінің АКТ залында өткен басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Жиында алдымен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар бойынша есеп берді.

  • Қазіргі уақытта қала көшелерін жөндеу және жарықтандыру бойынша 2023-2027 жылдарға арналған 5 жылдық жоспар әзірленуде. Бірінші кезекте мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары орналасқан және қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, жарық жүргізілетін болады.

5-ші аумақтық округ бойынша халықпен кездесулерде көтеріліп келе жатқан Сергей Лазо көшесіне, осы көшенің 1-ші, 2-ші бұрылыстарына ағымдағы жылы көше жарығын жүргізуге электр тасымалдайтын мекеме тарапынан техникалық шарт алынып, сметалық құжаттама жасалды. Жарықтандыру жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Ақбұлақ», «Қаратау», «Қарасу», «Аса», «Жансая» шағын аудандарында және «Қарасу» иінінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің ауласына түнгі жарық шамдарын орналастыру жұмыстары 2024 жылға жоспарлануда.

Аумақтық округтегі шағын аудандардағы 15 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өтуде. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың 10 қарашасына дейін толығымен аяқталмақ,-дей келе шаһар басшысы өзге де бағыттардағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталып өтті.

Бұдан соң қала тұрғындары жолдаған сауалдарға облыс әкімі жан-жақты жауаптар беріп, кейбір мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Жергілікті халық негізінен аулалалардың абаттандырылуы, қоқыстардың жиналуы, қаңғыбас иттер, интернет байланысы, тұрғын үйлерді жаңғырту, бала тәрбиесіне қатысты және тағы басқа мәселелерді көтерді.

  • Облыс орталығында қордаланған мәселелердің бар екені рас. Қазіргі таңда жергілік билік сол мәселелерді рет-ретімен шешу үшін кешенді жоспар бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы тұрғыда қоғам мен биліктің ортақ түсінігі, бір-біріне деген сенімі, екі жақты жауапкершілікті сезінуі аса маңызды. Бұқара мен билік бірлесе әрекет еткенде ғана нәтижеге жеткізуге болады. Заң мен талап сақталуы керек,-деп түйіндеді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Кездесулерден соң облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.