Облыс әкімі Сарысу ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті

113

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің Сарысу ауданына жұмыс сапары «QazaqSoda» ЖШС-нің жұмысымен танысудан басталды.

“Yildirim Holding Kazakhstan” компаниясы ұсынған жоба жылына 500,0 мың тонна кальцийлендірілген сода, тұз өндіруге бағытталған. Жоба құны 325 млн. АҚШ долларын құрайды. Компанияның бас директорының орынбасары Халил Акынның айтуынша, жоба іске қосылғанда 500-ге дейін жұмыс орны ашылмақ. Өнім ішкі нарық пен Орталық Азия, Ресейге өткеріледі деп жоспарлануда. Облыс әкімі нысанға электр энергиясы жеткізілгенін, су тартылып жатқандығын, табиғи газ бен темір жол мәселесін шешу бойынша жұмыстар қолға алынғандығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарын уақыт созбай бастау керектігін баса айтты.

Келесі кезекте аймақ басшысы Жаңаталап орта мектебінің асхана, спорт зал және акт залының құрылыс жұмыстарын көрді. Мердігер «Сұлтан Б» ЖШС АКТ зал құрылысын жаңа оқу жылы басталғанға дейін, ал спорт залды ағымдағы жылдың қараша айына дейін аяқтауды жоспарлауда. Нұржан Нұржігітов ең басты талап — құрылыс сапасы мен уақыт кестесінің сақталуы екендігін айрықша атап өтіп, жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді. Мектептің айналасын абаттандыру жұмыстарын да ұйымдастыруды тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі Игілік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуге құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Басқосу барысында тұрғындар суармалы су, ауылдық мәдениет үйін кеңейту секілді бірқатар мәселелерді көтерді. Айта кетерлігі, ауыл көшелерінің басым бөлігі асфальтталып, жарықтандырылған. Облыс әкімі тұрғындардың сауалдарына облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді.

Нұржан Нұржігітов 2026 жылға дейін облыс аумағындағы 257 су каналы жөндеуден өтетінін, оның ішінде Сарысу ауданындағы каналдар да бар екенін атап өтті. Сондай-ақ, келер жылы округте мәдениет үйі салынатынын жеткізіп, аудандағы жауаптыларға құжаттама жұмыстарын осы жылы аяқтауды тапсырды.

Аймақ басшысы ауылдықтарды мәселелерді шешуде жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс істеуге, ұйымшылдық танытуға шақырды.

Кездесуден соң облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.