Облыс әкімі көктемгі дала жұмыстарымен танысты

103

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында   «Зерхат» және «Молдабек» шаруа қожалықтарының егістік алқабында болып, көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.

«Зерхат» шаруа қожалығының төрағасы Ержан Мейірбеков қазіргі таңда тиісті дақылдарды отырғызу жұмыстары басталып кеткенін жеткізді.

— Біз «Молдабек» шаруа қожалығымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Өткен жылы 30 гектарға пияз, 40 гектарға картоп, 10 гектарға бақша дақылдарын егіп, оған  тамшылатып суғару әдісін пайдаланған болатынбыз. Биыл егістік алқап аумағын 150 гектарға  арттырып, оның барлығына тамшылатып суғару технологиясын енгізудеміз.

Нақтырақ айтсақ, 50 гектарға қант қызылшасын, 20 гектарға картоп, 25 гектарға пияз, 55 гектарға бақша дақылдарын отырғызамыз,-деді Ержан Мейірбеков.

Сондай-ақ, ол өздерінің қазіргі таңда төрт техникасы бар екенін айтып, тағы да техника алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, өткен жылы облыста су үнемдеу технологиялары 50,9 мың гектар жерге енгізілсе, оның 34,8 мың гектарына тамшылатып суару, 16,1 мың гектарына жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылған. Ал, ағымдағы жылы суды үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемін 57,0 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Бұл тұрғыда қондырғыларды сатып алу және орнату құнының 50 пайызы мөлшерінде инвестициялық субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.