Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында бірнеше жоба қаралды.
Алдымен «China Power International Holdingt» компаниясының өкілі Чен Че жел электр стансасын салу бойынша инвестициялық жобасын таныстырды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай халық республикасына мамыр айындағы сапары барысында «China Power International Holding Limited» компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы, «SANY Renewable Energy» арасында Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт жел электр стансасын салу туралы келісімге қол қойылған болатын. Бүгінгі таңда келісімге сәйкес тиісті жұмыстар басталып кетті.
Нақты айтар болсақ, «China Power International Holdingt» компаниясының жобасы екі кезектен тұрады.
Бүгінде зерттеу жұмыстарын жүргізуге, бекітілген аумақта желкенді арнайы қондырғылар орнатуға облыс әкімдігінен рұқсат алынған. Сонымен қатар, электр энергиясын тарату схемасын әзірлеу бойынша жұмыстар қолға алынған.
Ал «SANY Renewable Energy» компаниясы облыста жел қондырғылары бағаналарын шығаратын зауыт салуды жоспарлауда.
Сондай-ақ, штаб отырысында «Синомашкарьер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің әктас өндіру бойынша инвестициялық жобасы қаралды.
Инвесторларды мұқият тыңдаған Ербол Қарашөкеев инвесторлардың жобасын жүзеге асыруға, жұмыс барысында ешқандай қиындық туындамауына барлық жағдай жасау керектігін атап өтіп, жауаптылар нақты міндеттер жүктеді.
Жамбыл облысы әкімдігі