Облыс әкімі әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

242

Халықаралық әйелдер күніне орай К. Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филормониясының «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов әйелдер қауымын мерекесімен құттықтады.

— Ана – қоғамның тірегі, отбасының – шуағы, тәрбиенің қайнар бұлағы. Отбасымен қатар, еліміздің дамуы жолында да аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жандылар аз емес.

Аймақтың алға жылжуы үшін аянбай тер төгіп, бүгінде еңбек ардагерлерінің қатарындағы Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Бәтес Егембердиева, Күләш Әбдікешова, Күләш Назарбекова сияқты аналарымыз аймақтың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, әлі де жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

Ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие беруді парыз санаған қаншама білім саласының озық қызметкерлері бар. Адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандарымыздың  еңбегін айтпай кету мүмкін емес.

Облыстың рухани өмірінің дамуына айтарлықтай үлес қосып жүрген аяулы ақын және өнерпаз қыздарымыз да аз емес. Ақын апаларымыз – Күләш Ахметова, Шырын Мамасерікова, Айша Көпжасарова, айтыскер ақын Күміскүл Сәрсенбаева, Абайдың әжесі Зеренің бейнесін сомдап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған Нұрсипат Салықова және Мәкен Рахымжановалар – біздің мақтанышымыз. Қаншама спортшы қыздарымыз облыстың ғана емес, еліміздің атын асқақтатып жүр.

Жалпы, облыста мемлекеттік қызметшілердің ішінде әйелдердің үлесі 40 пайызды құрайды. Шағын және орта кәсіпте жемісті еңбек етіп, ел игілігін еселеуге айтарлықтай үлес қосып жүрген қыздарымыз – көпке үлгі. Істің көзін таба білген кәсіпкерлердің де 40 пайызы осы қыз-келіншектер,-деді Нұржан Нұржігітов.

Бұдан соң бірқатар көпбалалы аналар, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген әйелдер марапатталды.

Нақтырақ айтсақ, Мемлекет басшысының жарлығымен Асел Рахимоваға, Гүлира Шамбеталиева, Зарипа Нұрматоваға «Алтын алқа» алқасы тапсырылса, Гүлнұр Шөкебаева, Райхан Дүйсенова, Мадина Рсымбетова «Күміс алқа» алқасымен марапатталды.

Сондай-ақ, өзге де нәзік жандылар «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасы және Алғыс хаттармен марапатталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.