Облыс әкімі әлеуметтік азық-түлік бағасын бақылауда ұстауды тапсырды

244
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі қаралды.

Жиында кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Аймақ басшысы бағаның бақылауда болуы аса маңызды екенін баса айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі көрінбей отырғанын атап өтті.

Жыл басынан бері өңірде әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасы 21,7 пайызға өскен. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,1 пайызға артық (Республика — 21,6 пайыз).

Осыған назар аудартқан аймақ басшысы жыл қорытындысымен облыс көрсеткіші республикалық деңгейден төмен қалыптасуы тиіс екендігін ескертті. Сондай-ақ, алдағы мереке күндері де бағаның реттілігі басты назарда болуы керектігін жеткізді.

Басқосу барысында жергілікті диқандардың өнімдері алқаптан сөреге дейінгі бағасы бірнеше есе үстеме ақы қосу арқылы сатылып отырғандығы, мониторингтік топтардың жұмысының төмендігі туралы да айтылды.

Облыс әкімі бұған дейін әр өнімнің сату және өткеру бағасына арнайы салыстырмалы кесте құру, форвардтық келісім шарттары бойынша толық талдау жүргізу, «Айналым қаражаты» схемасы, «Тұрақтандыру қоры» арқылы аудандарға берілген ұнның бөлінісін жасау, азық-түлік тауарына үстеме ақыны 15 пайыздан асыра қосып сатқан кәсіпкерлерге шаралар қолдану, сауда орындарына өнімдерді делдалсыз өткеру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалу барысын сұрады.

Жиын қорытындысымен облыс әкімі жауаптыларға бағаны реттеуге қатысты жан-жақты шаралар қабылдау бойынша нақты міндеттер жүктеді.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.