Нұржан Нұржігітов: Жыл сайын қоғамдық көліктердің саны артатын болады

192

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласындағы 4-ші аумақтық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді.

№22 мектепте өткен жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері де қатысты.

Тұрғындардың сауалдарына жауап берген облыс әкімі барлық түйткілді мәселелер облыс орталығының үш жылдық даму жоспары аясында шешіліп жатқанын атап өтті.

– Ең алдымен өзекті әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге баса назар аударылуда. Жұмыстар бюджет мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр,-деді аймақ башсысы.

4-ші аумақтық округке 5 тұрғын алқап кіреді (Барысхан, Тектұрмас, Қарасай, Қант зауыты, Кірпіш зауыты), онда барлығы 67 көше бар. Округтегі 26 көппәтерлі, 5340 жеке тұрғын үйде 29 151 адам тұрады.

Өткен жылы аумақтық округте 4 орта жол жөндеу жобасы (жалпы ұзындығы 15,5 км) жүзеге асырылса, ағымдағы жылы 5 жобаны (18,46 км) жүзеге асыру жоспарланған. Қант зауыты ауданындағы көшелерді ағымдағы жөндеуге 300 миллион теңге бөлінген (2022 жылы – 100 млн теңге).

Қант зауыты, Кірпіш зауыты, Тектұрмас тұрғын алқаптары ауданындағы каналдарды, арықтарды тазалауға 10 миллион теңге қаралған. Ол бойынша мердігер «АсылСтрой-23» ЖШС тиісті жұмыстарды атқаруда.

Көктемгі екі айлық аясында аумақтық округте 300 түп көшет отырғызылды.

Айта кетейік, ағымдағы жылы Тараз қаласының 68 көшесін жарықтандыруға 500,3 миллион. теңге бөлінсе, оның ішінде №4 округте – Ақжол, Гончаров, Шмидт, Стариков, Байқоразов, Хмелевский, Науай көшелері, Завод көшесінің 2 және 3-бұрылыс жолдары, Цветочная көшесінің 1-бұрылыстары, Строительная көшесінің (1,2,3,4,5,6,7,8,9)бұрылыстары, Уәлиханов көшесінің 4-бұрылысындағы жұмыстар шілде айында аяқталмақ.

Өткен жылы Тектұрмас және Қарасай тұрғын алқаптарына орталықтандырылған су құбырына тартылған десек, биыл Барысхан массивін 3 кезең бойынша сумен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлануда.

Округте былтыр жаңадан № 9 және №10 қоғамдық көлік бағыттары іске қосылды. Күні кеше № 9 бағыттағы жаңа автобустар 10 минуттық жиілікпен жүруді бастады.

– Жыл сайын автобустар саны артады. Қоғамдық көліктердің қызметін субсидиялауға ақша бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл мақсатқа өткен жылы бір миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, биыл екі миллиардтан астам қаржы қаралуда, – деді облыс әкімі.

Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстар үшін облыс басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Кездесуден кейін Нұржан Нұржігітов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.