Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов жетінші шақырылған облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті.
Кездесу барысында аймақ басшысы экс-депутаттарға атқарған жұмыстары мен белсенділіктері үшін ризашылығын жеткізді.
— Өздеріңізбен бірлесе отырып тиісті кезеңде бірқатар табысты жұмыстарды іске асырдық. Өткен жылы тарихи әрі елеулі оқиғаларға толы болғаны белгілі. Солардың бәрінде мәслихат депутаттары белсенділік танытып, атсалыса білді.
2022 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің басым бөлігі нәтижелі қорытындыланды десек, оған жергілікті халық қалаулыларының да қосқан үлесі орасан.
Сіздер өңірдегі инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар салу, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына және басқа да өзекті мәселелерге қатысты көптеген түйіткілдердің оңынан шешілуіне айтарлықтай ықпал ете білдіңіздер. Сол үшін де сіздерге алғыс айтамын,-деді Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ, жетінші шақырылған облыстық мәслихаттың төрағасы болған Махметғали Сарыбеков атқарылған ауқымды жұмыстарға тоқтала келе, депутаттардың жергілікті бюджеттің дұрыс игерілуі, халықтың тұрмысына, экономикаға қатысты бірқатар жағдайларда мазмұнды шешімдер қабылдағанын баса айтып, олардың қоғамдық бастамалар мен игі шаралардың да ортасынан табылғанын атап өтті.
Басқосуда бірқатар азаматтар Алғыс хатпен марапатталды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 19 қаңтары күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған болатын.
Жамбыл облысының әкімдігі