Нұржан Нұржігітов үздік түлектерге диплом тапсыру салтанатына қатысты

86

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының бітіруші түлектерге арналған диплом тапсыру салтанатына қатысты.

Аймақ басшысы түлектерді қуанышымен құттықтап, алдағы өмірлеріне сәттілік тіледі.

– Бұл күн – әр түлектің өмірінде маңызды орын алатын, келешек қадамдарыңа тың серпіліс, жаңа үміт сыйлайтын күн. Сендердің үлкен өмірге қанат қағып отырған осы сәт еліміздің жаңа бастамаларымен, жаңа бетбұрыс кезеңімен сәйкес келіп отыр. Сондықтан, елдің ертеңгі болашағы ретінде жастарға үлкен үміт артылады. Жас түлек ретінде мемлекетіміздің тұғырын биік, еңсесін тік ететіндеріңе кәміл сенеміз. Егемен еліміздің айбынын асқақтатар сәт келді. Отанымыздың түкпір-түкпірінде, алыс жақын шет елдерде еліміздің атын баянды істеріңмен, терең білімдеріңмен таныта беріңдер. Жарқын болашақтың кілті Сендердің қолдарыңда. Еліміздің білікті де білімді маманы атануларыңа тілектеспін.Әрқашанда денсаулықтарыңыз мықты, келешектерің кемел, болашақтарың нұрлы болсын,-дей келе Нұржан Нұржігітов бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауда Халықаралық Тараз инновациялық институты үлкен шаруалар атқарып жатқандығын атап өтті.

Өңірімізде уақытпен үндес дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі саналатын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының ашылғанына биыл 15 жыл толып отыр. Оқу орнына Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның есімі беріліп, бас ғимаратының алдында Шерағаның еңселі ескерткіші бой көтерді.

Айта кетейік, биылғы оқу жылын өңірде 7,5 мыңнан астам студент сәтті аяқтаса, оның 3 мыңнан астамы осы оқу орнының түлектері. Өткен оқу жылында институт түлектерінің 72 пайызы жұмыспен қамтылған.

Түлектердің қадамына құт тілеген облыс әкімі бірқатар магистранттарға «магистр» академиялық біліктілігі және тағайындалған үлгідегі дипломдарды тапсырды.​

Мұндай салтанатты рәсімге ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары Мұқаш Ескендіров пен Ерболат Саурықов, облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжанов, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Махметғали Сарыбеков, Ш. Мұртаза атындағы ХТИИ ректоры М. Баяндин қатысып, құттықтауларын жеткізіп, түлектерге дипломдарын тапсырды.

Кеште үздік түлектер сөз алып, өз әсерлерімен бөлісіп, институт басшылығы мен ұстаздарға ризашылығын жеткізді.

Шара концерттік бағдарлама мен мерекелік отшашуға ұласты.

Жамбыл облысы әкімдігі

Leave A Reply

Your email address will not be published.