Несиелерін жауып беруімді өтінеді»: Жұртшылықты ауылына шақырған Ақтөбе облысының тұрғыны елді мекеннің қазіргі жағдайымен бөлісті

80

Қазір Қарлауда 26 үй, 45 адам бар. Ел ағасының сөзінше, жаңалықтар тарағалы ауылға көшіп келуге ниет білдіргендердің қарасы көбейіпті. Тіпті күніне 200-300 қоңырау, хабарламалар түскен кездер де болған екен.

“Ауылға қызығушылық танытқандардың көбінде миллионнан астам несиелері бар екен. Жабуымды өтінді. Оған енді 3-4 миллионан әр адамның басындағы қарызын жабатындай бай адам емеспін ғой. Кейін мешіт салмағансыз ба деп, теріс діни ағымға еріп кеткендердің де көшіп келуге ниеттенгендері болды. Алайда ауылымды ондай қатерде қалдырғым келмеді ”,- деді кәсіпкер.

Жұмабай Бекмағамбетов қазірдің өзінде қаладан екі отбасының көшіп келгенін қуана айтты.

“Біреуінің баласы мектепке 1- сыныпқа келді. Ал біреуінің басында 600 мың теңге несиесі болды. Өтінген соң жауып беріп, жұмысқа орналастырдым. Айлығынан ұстаймыз деп келістік”,- деп қосты азамат.

Кәсіпкер қазір ауылға газ кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сөзінше, оның жобасы дайын тұр. Енді қаржы бөлінуі күтілуде. Ал ғаламтор мен су жағынан мәселе туындамайды екен.

“Ауылға көшіп келетін болса, балалары бастауыш сыныпқа баратын адамға үй беремін деп едім. Онымен біздегі екі бос үй үйдің бірі сатылып, біріне адамдар көшіп келді. Енді келуге ниеттілердің екі баласы мектепте оқитын болса, оған қолдау ретінде бір сиыр, он қой өз шаруа қожалығымның атынан беремін”,- деп қосты азамат.

Ел ағасы келем деушілерге шарттар да қойған екен. Сөзінше, мал берілгеннен кейін бұл адамдар ауылда кем дегенде бес жылдай тұруы керек.

“Ауыл тұрғындарын шаруашылық жұмыстарымен қамтамасыз етемін. Оның ішіне мал шаруашылығы, трактор айдау сияқты істер кіреді. Келем деушілерге де алтын сырға, мал шаруашылығын меңгере алатындай болуы керек. Кейбірі мұндай жұмыстарды ұнатпайды. Бәрі жылы орындықта отырғысы келеді ғой”,- дейді кәсіпкер.

Жұмабай Бекмағамбетовтың айтуынша, кішкентай ауылдарындағы ескі мектеп құлап, жабылатын күйде апаттық жағдайда болған екен. Ал білім ордасы жабылса, үйлердің де көшіп кететіні белгілі. Елді мекен қаңырап қалмасын деген азамат жаңа мектепті өз қаражатына салған.

“Мен үшін оңай болған жоқ. Барыммен салуға тырыстым. Асып бара жатқан миллиардтаған байлығым да жоқ әрине. Бірақ наным мен майыма жетіп тұрған дүниемді ауылыммен де бөліссем дедім. Бар тілегім туған өлкенің өркендеп, өсіп, көркейгені”,- деп қосты кәсіпкер.

Қарлау ауылындағы бастауыш мектепте оқушы саны 14-ке жеткен. Ал оны бітірген соң оқушылар Хромтау ауданындағы мектеп интернаттан білім алуын жалғастырады.

“4-сынып бітіргеннен кейін мектеп интернатқа барады. Бұрын ол Бөгетсай ауылында болып еді қазір Хромтау аудан орталығында. Ал қазір Қарлаудағы жаңа мектебіміздің жағдайы жақсы. Кешегідей аяздың өзінде жылы болды. Тек отын жібімей қалып, кішкене қиындықтар тудырғаны болмаса”,-дейді азамат.

Жұмабай Бекмағамбетовтың екі қызы, бір ұлы бар. Үлкен қызы Ақтөбе қаласында тұрады екен. Өзінің де Ақтөбеде үйі бар. Дегенмен туған жерден кеткісі жоқ.

“Ұлым үйленді, келінім екеуі осы ауылда шаруашылықтың басы қасында менің қолқанатым болуда. Екі немерем бар. Ұлым ветеринарлық бітіріп келді. Ауылдан кеткіміз келмейді. Өзім ұзақ уақыттан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келемін. Жұрттың бәрі қалаға үдере көшкенде мен осында қалдым. Шыны керек, ауылда қиыншылықтар болған соң көшеді ғой адамдар. Біз сол сынақтарды еңсеруге тырыстық. Дүкендерде ұн болмай, бидайды тасып жүріп арнайы апаратпен ұн жасаған кездеріміз де болды”,- деп еске алды кәсіпкер.

Ел ағасы қазір ауылдың тірегіне айналған. Ол жылда екі үш бас ірі қара сойып жағдайы төмен отбасыларға таратып қол ұшын созады екен. Ораза кезінде де 10-20 бас қозы, марқа таратып беру бұрыннан келе жатқан міндетіне айналған.

Еске салсақ, Ақтөбе облысының тұрғыны кәсіпкер Жұмабай Бекмағамбетов қазақстандықтарды туған ауылынан көшпей, елді мекендердің жойылып кетуінен сақтануға шақырған болатын.

https://stan.kz/nesielerin-zhauip-beruimdi-otinedi-zhyrtshilikti-auilin-376134/

Leave A Reply

Your email address will not be published.