НАУҚАН ОЙДАҒЫДАЙ ӨТУДЕ

95
Өткен жылдың қысы жайлы болғанымен биылғы жылдың қысы шаруаға оңай тиіп тұрған жоқ. Қалың жауған қар, 25-30 градусқа дейінгі өңменнен өтетін қара суық талайды састырғаны анық. Алайда мал қыстату науқанына алдын ала сапалы дайындалған шаруаларымыз бұл қыстан қиналмай өтетіндігін байқатып отыр.
Ауданда биылғы жылдың қыс мезгіліне мал азығын дайындау жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп, аудан бойынша 30023 гектардың шөбі шабылды. Одан 203716 тонна пішен, 50574,7 тонна сабан, 11590 тонна пішендеме, 10000 тонна сүрлем дайындалған болатын. Ал бұл аудан шаруашылықтары малдарын 85 пайыз құнарлы азықпен қамтамасыз етілгенін білдіреді. Қосымша құнарлы жем аудандағы жем сатумен айналысатын 6 кәсіпкерден сатып алынады.
Аудандағы 285 қыстаудың 179-ы Мойынқұм өңірінде орналасқан. Онда 22150 бас мүйізді ірі қара, 169200 бас қой-ешкі, 6300 бас жылқы, 350 бас түйе малы бағылуда. Мал қыстату шұраттары Көделі, Еден, Есқара, Сасай, Теріскенді, Балақ дала, Қосшұрат, Көкшұрат, Жолбарысты, Дөңгелек, Қосқұдық, Төре, Арғын қамалған, Аяқ көл, Түлей аймақтарында орналасқан. Малшы үйлері мен мал қоралары қыс маусымына алдын ала дайындалған. Сондықтанда ауа райының қолайсыздығына қарамастан ауданда аталған науқан ойдағыдай өтуде.
Аудан көлемінде пішен шөптің тюгі 800-900 теңгеден болса, жоңышқа 1100-1200 теңгеден айналып отыр. Ал кебектің келісі 80, арпаның келісі 90, бидайдың келісі 110 теңгеден болуда. Шалғайдағы орналасқан шаруа қожалықтары өздеріне қажетті құнарлы мал азығын тиісті жерлеріне өз көліктерімен жеткізіп алады.
Мал қыстату науқаны барысында молынан жауған қар жолдарды жауып тастағанда, болмаса басқа да төтенше жағдайлар туындаған жағдайда шаруа қожалықтары меншігіндегі техникалар көмекке жұмылдырылады. Қожалықтарда 2 – «К-700», 17 – «МТЗ-80», 3 – «МТЗ-892» маркалы тракторлар, 2 – «Урал-132», 3 – «ЗИЛ-130», 10 – «ГАЗ-53», 12 – «УАЗ», 10 – «Нива» автокөліктері, 3 қар тазалайтын үш бұрыш техникасы бар. Бұлардан басқа қажет болған жағдайда ауданның жол жөндеу бөлімінен 2 жол тазалағыш автогрейдерлер іске қосылады. Байланыс ретінде ауданның орман шаруашылығындағы құм өңірінде орналасқан орман күзетшілеріне байланыс рациялары бөлінген. Бұдан бөлек әр қожалық иесі мен малшылар мобильді телефонды пайдаланады.
Қыс мезгіліне байланысты қауіпті мал ауруларының алдын алу бойынша екпелер егіліп, тиісті жұмыстар уақытында атқарылды. Дезинфекция және дизенсекция, қауіпті зооантропонозды ауруларға қарсы емдеу-профилактикалық шаралардың орындалуы уақытылы жүргізіліп келеді.
Қыстауларда әр қожалықтың өзіне тиісті шахталы құдықтары бар. Құдықтарға помпалы маторлар қойылған. Барлық шаруа қожалықтары күн батареяларымен қамтамасыз етілгенін де айта кеткен орынды.
Міне осындай алдын ала дайындық, басқа да жасалған жағдайларға байланысты ауданда аса жауапты науқан – мал қыстату ойдағыдай жүргізілуде.Еркебай РЫСАЛИЕВ,
Байзақ ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.