Мыңарал ауылындағы К. Қасымов атындағы орта мектептің мәжіліс залында өткен есеп беру жиынына халық көп жиналды. Жиында алдымен ауылдық округ әкімі Зубаражат Камиева жыл ішінде атқарылған жұмыстарды айтып берді. Содан соң аудан әкімі Мәден Мұсаев өз есебін арнайы дайындалған слайд арқылы көрсете отырып баяндады.
Жиында сөз алған ауыл тұрғындары Т.Нарбеков, А.Аяпбергенова, С.Байжұматова, Е.Байжұматов, А.Букенова, А.Ибрайымов, С.Сейсенбековтер мүгедек жандарға мемлекет тарапынан бөлінген жөргек берілсе, көмекшілерге ақша төленсе, ауылдық электр жүйесі заңдастырылса, медициналық жедел жәрдем қызметі жолға қойылса, бұзылған су құбыры жөнделсе, ауылға бір бірлік электрик берілсе, тау астындағы жол жөнделсе, медициналық тірек пунктінің босаған ғимаратын поштаға, полицияның учаскелік өкіліне, шаштаразға берілсе, бала тууына байланысты декреттік демалысқа шыққан жас аналарға берілетін қаржы кешіктірілмесе деген ұсыныстарын айтып, осы мәселелерді шешуді сұрады. Округ әкімінің жұмысын сынға алғандар болды.
Жиын барысында қойылған сұрақтарға аудан әкімдігінің бөлім басшылары Ж.Жазықбаев, Ж.Исақов, аудандық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Ж.Әйтішев жауап берді.