Мұхтар Әуезов театры Түркияда зор қошеметке ие болды

644

Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Түркияның Адана қаласына гастрольдік сапармен барып қайтты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында театр әртістері Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» қойылымын қойып, үлкен қошеметке бөленді.

«Жалпы, мәдениетіміздің озық түрлерін әлемдік деңгейге көтерілуі, бәсекеге қабілетті халықаралық деңгейде қызмет ету біздің театр үшін де, ұлт үшін де өте маңызды. Мәдениет ұлттың ар-намысы, жүрегі, болмысы болғандықтан, бір жылдың ішінде біздің театр халықаралық екі-үш сапарларға шығып өнер көрсетті. Міне, түбіміз бір Түрік елінің оңтүстігінде орналасқан Адана қаласында өнерімізді көрсетіп үлкен бір қошеметке бөленіп қайттық. Жалпы екі елдің, түркі әлемінің арасындағы рухани байланысты нығайту барысында осы шараға біздің театр әлемдік озық деңгейде өнер көрсете алды дей ойлаймын»,- дейді актер Бекжан Тұрыс.

Қойылымда Қорқытты сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда қойылым аяқталған соң, жиналған барлық түрік бауырлардың, Адана сахнасында қойылымды тамашалаған көрермендердің алдында қазақ халқының егемендігін танып, алғаш рет қолдау көрсеткен түркі халқы екенін, оны ешқашанда қазақ халқы ұмытпайтынын айтты.

Актер өз сөзінде, Қазақстан мен Түркия мемлекеттерінің арасындағы достық, мәдени байланыс содан бері өзінің жалғасын тауып келе жатқанын, Әкемтеатр ұжымы Түркия елінде осыменен төртінші рет гастрольдік сапармен келіп жатқанын тілге тиек етті. Сапар барысында түбі бір түркі халықтарын жақындату мақсатында Адана қаласында театр фестивалінен бөлек, кино фестивальдерде ұйымдастырылған. Театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай жалпы түркі әлеміне ортақ Қорқыт туралы қойылымы мен актерлардың шеберлігіне түрік ағайындардың ықыласынан өте жоғары баға бергендерін байқағанын, қазақ театрында да осындай үлкен дүниелер бар екенін дәлелдегенін айтты.


Сапар барысында М.Әуезов театры бауырлас түркі халықтарының рухани құндылықтарын, мәдени байланысын одан әрі өрістетіп, мәдени-рухани тәжірибе алмасуды жалғастыруда түркі әлеміне ортақ абыз, қобыз атасы Қорқыт туралы қойылым арқылы лайықты үлес қосып қайтты.

 inform.kz 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.