МОЙЫНҚҰМДА ЖИЫН-ТЕРІМ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

72
Ала жаздай еңбек еткен мойынқұмдық шаруалар ауылшаруашылық өнімдерін шашпай-төкпей жинап алудың қамына кірісіп кетті. «Қыстың қамын жаз ойлаған» еңбек адамдары әрбір шуақты күнде қамданып қалуға барын салуда.
Ауданда жиын-терім жұмысы қарқынды. Қазір диқандар 3565,6 гектар жерге егілген дақылдан өнім жинау үстінде.
– Биыл 3565,6 га егістік алқапқа егін егіліп, яғни, дәндік жүгері – 252 га, тары – 30 га, картоп – 22,6 га, жаздық масақты дақыл -114 га, көпжылдық шөп – 260 га, ескі жоңышқа – 2599 га, көкөніс – 131 га, бақша дақылдары – 157 га орналастырылған болатын. Қазіргі таңда дәндік жүгері мен тарыдан басқасы жинақталды, – дейді аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков.
Бизнеске қызығушылық танытқан жерде ғылым мен технологияның дамуы да орынды. Сол себептен де болар, ауылшаруашылық технологиялары жыл өткен сайын қолайлы және қолжетімді болып келеді. Органикалық процестерді бақылау, оған әсер ету, инновациялық аппараттар мен машиналар, автоматтандырылған жүйелер, заманауи жабдықталған арнайы көліктер көптеген мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бұл тұрғыда аудандағы егіншілікпен айналысатын шаруалар көліктерін жаңартып, заманға сай техникалар алуда. Мәселен «Ауыл Аманаты» жобасы аясында жаңадан құрылған ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне «Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану» мақсатында 411,5 млн. теңгеге 57 дана жаңа техника мен қосалқы техникалары тапсырылып, ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілген.
Күзгі дала жұмыстарына ауданда жан-жақты дайындық жасалған. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті көлемде дизель отынын жеткізу жұмыстары да жолға қойылған. Бұл туралы бөлім басшысы:
– «Күзгі дала жұмыстарына» күзгі дақылдар мен мал азығын жинақтауға 280-нен астам техника жұмылдырылды. «Ауыл Аманаты» жобасы аясында құрылған АШӨК-нің ауыл шаруашылық техникаларын пайдалану үшін жұмыс істеу тарифтері бекітіліп, дала жұмыстарын жүргізу үшін аудан көлеміндегі шаруа лардың сұраныстарына сәйкес 130,5 тонна дизель отыны тізімге сәйкес таратылуда. Қазіргі уақытта қалған жанар-жағар май көлемі 50 тонна, – дейді.
Ауданда Күшаман, Көкжелек, А.Назарбеков ауылдары жесең тойымды, денсаулыққа ерекше пайдасы көп тары дақылын өсірумен көптен бері айналысады. Диқан дар негізінен тарының «қызыл тары» деп аталатын түрін өсіреді. Тарыны дайындаудың өзіндік қиындықтары болса, оны жинау жұмыстары одан бетер қиын болып келеді.
Биыл Қызылтал, Қызылотау ауылдық округтері аталған дақылды жылдағыдан аз көлемде еккен болатын. Қазіргі таңда пайдалы дақылды ору жұмыстары аяқталып келеді.
–Біздің шаруа қожалық 11 га жерді тиімді пайдаланып, оған ауыл диқандарымен бірігіп тары дақылын еккен болатынбыз. Ал маған тиесілі жер 3 гектар. Міне жаздай еткен еңбегіміздің жемісін көретін күнде жақындап қалды. Қазір біз тарыны қырманға әкеліп дәнін түсіріп жатырмыз. Биыл егін суының кеш келуіне байланысты сәл кешеуілдеп қалдық. Дегенмен тарының түсімі жаман емес. Әр гектардан 45-50 қап, шамамен 2,5 тонна өнім аламыз деп отырмыз, — дейді «Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Мейірбек Шынжарбеков.
Ауданда 27159 гектар шабындық алқап бар. Мал азығын әзірлеумен айналысатын оннан аса «Шөпшілер бригадасы» қысқа қажетті жем-шөптің негізгі бөлігін жинап үлгерген. Мал азығын дайындауға 280 ауыл шаруашылық техникалары тартылған. Жылдық жоспар–107 тонна болса, орындалуы — 125,8 тоннаны құрап, 117,6 пайыз болып отыр. Тамыз айында уақ малға жантақ шөбі шабылды. Жергілікті тұрғындарға 1 рулоны 4000 теңгеден, 1 түк 1000 теңгеден табиғи шөп сатылуда.
–Аудан көлемінде жалпы тіркелген шаруа қожалықтар саны 584 бірлікті құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығы бағытында 408 шаруа болса, егін шаруашылығы саласы бойынша 176 бірлік. Ал ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларының статистикалық көрсеткішіне сәйкес 287,9 мың бас тіркелген. Атап айтар болсақ мүйізді ірі қара – 72,2 мың бас, қой – 178,1 мың бас, ешкі – 22,7 мың бас, жылқы – 13,7 мың бас, түйе – 1,3 мың басты құрайды. Мал азығын дайындауға белгіленген жер көлемі 27 159 га болса, соның ішінде көпжылдық шөп 3102,0 га. Бүгінгі уақытқа көпжылдық шөптің 2-ші орымы 100%-ға шабылса, табиғи шабындық шөп 26 462,0 га шабылып 108,9%-ға орындалды. Мал азығын дайындауға жалпы 12 бригада жұмыс жасауда. 2024 жылға 235,2 мың тонна пішен (сено) жоспарға қойылып, орындалуы 249,3 мың тоннаны құрап, 106,0%-ды құрады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуандық Төлеубеков.
Төрт түлікке өнім өндіріп отырған аудан шаруалары дала жұмысы десе тайлытұяғы қалмай жұмылады. Себебі, еңбекақы маңдай тердің өтемі тек еңбекте екенін олар жақсы сезінеді. Одан бөлек, енді төрт түліктерін қыстан қоңды шығару үшін мал азығын жеткізуге қам-қарекет жасауда. Себебі, жаздың әрбір ашық күні – қыстың бірнеше күніне кепіл болмақ.
Қуаныш ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ,
Мойынқұм ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.