Мойынқұмда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

184
Өткен аптаның сенбісінде аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен аудан орталығы Мойынқұм ауылының Амангелді көшесі бойындағы «Мұхаддас» дүкеніне қарама-қарсы орналасқан алаңда ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті.
Қаз-қатар қойылған шаруа қожалықтарының тауарларын аудан әкімі Әлихан Балқыбаев пен оның орынбасары Ержан Әмірханов аралап көріп, шаруаларға сәттілік тіледі. Жәрмеңкеде аудан көлемінде шаруа қожалықтары өндірген ет, сүт өнімдері, балықшылардың балығы мен шөпшілердің жинаған табиғи шөптері көпшілікке ұсынылды.
Ұланбел, Қарабөгет, Қылышбай ауылдық округтері шабындықтарынан шабылған табиғи шөптің 1 түгі 600 теңге (нарықтағыбағасы 1000 теңге), бір руллоны 3000 теңгеден (нарықтағы бағасы 4500 теңге) сатылды. Жәрмеңкеде шөп алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарының қарасы көп болды. Айдарлы, Биназар, Бірлік ауылдарының диқандары өздері өсірген арпа, бидай мен бақша дақылдары қызанақ, қияр, қауын-қарбыз, картоптарын саудаласа, қызылотаулықтар мен қызылталдықтар айран, сүт, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат, Ақбақай, Жамбыл, Мойынқұм, Хантау, Ақсүйек, Мирныйлық шаруалар сиыр, қой еттерін, Шығанақ, Мыңаралдық балықшылар балығын ұсынды. Мұнда саудаға шығарылған әр тауар нарықтағы құнынан 15-20 пайыз төмен бағада сатылды. Жәрмеңкедегі басты жаңалық ағымдағы жылы ғана жұмысын бастаған «Мойынқұм құс» өндірістік кооперативінің (жетекшісі Батырхан Шотайұлы Тайбағаров) құс өндірушілері өз өнімдерін ұсынуы болды. Олар жұмыртқаны 35 теңгеден, тауық етін 1000, үндік етін 1500 теңгеден, тірітауықты 1000, қоразын 2000, үндікті 2000 теңгеден сатылымға шығарды. Сондай-ақ «Айдарлы агро» өндірістік кооперативінің (жетекшісі Мейірхан Шалқарбеков) диқандары арпаны 85, бидайды 90 теңгеден саудалады.
Жәрмеңкеде біз тілдескен Мойынқұм ауылының тұрғыны Мұса Биғараев өзінің шағын шаруашылығындағымалдың қысқы азығы табиғи шөпті қолжетімді бағада алғанын айтса, ауыл тұрғыны Темірхан Серіков қауын-қарбыз, әңгелек, айрансүт, құрт-ірімшік, ет сатып алғанын қуана жеткізді. Олар мұндай жәрмеңке апта сайын өткізілсе қос бүйірден қыспаққа алған нарық заманында тауар өндірушіге де, тұтынушыға да үлкен көмек болар еді дейді.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше осы күні 60 тонна табиғи шөп, 4500 килограм бақша өнімдері, 750 килограм ет, 1000 килограм балық, 200 литр айран-сүт, қымыз-шұбат сатылған екен.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».
Суретті түсірген автор.

Leave A Reply

Your email address will not be published.